9.01.2018, 12:29
Оқылды: 48

Қазталовта мал бордақылау жұмыстары қарқынды

Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, соның ішінде мал басын көбейтіп, ет экспортының әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Осы орайда еліміздің әр түкпірінде мал бордақылау алаңдары көптеп ашыла бастады. Соңғы жылдары біздің де ауданымыздың шаруалары бұл жұмыстарға бет бұра бастағанын ауыз толтырып айтуға болады.

Мемлекеттің бұл бағдарламасын іске асырып жатқан іскер азаматтардың бірі - Қошанкөл ауылдық округіндегі «Әжкей» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзагелді Таспихов. Мырзагелді баласы Қанағатпен Мышым қыстағында өз қаражатынан 4 млн. теңгеге мал бордақылау үшін ені 10, ұзындығы 50 метр ангар салдырған. Бұл кешенде 34 бас ірі қараны бордақылауда. Сонымен қатар еңбекқор азамат желмен және күн сәулесінен қуат алатын электр қондырғысын да орнатқан.

Осындай мал бордақылау алаңы Қараоба ауылында да салынып, жұмысы алға басып жатыр. «Ақбота» қожалығының жетекшісі Мереке Қайбушев ауыл жанындағы ескі ғимаратты жөндеп алып, бүгінгі күнде оның ішінде 70 бас ірі қара, 600 бас қой малын бордақылауда. Сонымен қатар қожалық асыл тұқымды ақбас сиыр өсіруді де қолға алған.

Бұндай нәтижелі жұмыстарды аралап көрген аудан әкімі Абат Шыныбеков шаруалардың еңбегіне риза болып, оң бағасын берді.

Сонымен қатар мал бордақылауды қолға алған жеке адамдарды да айтуға болады. Әсіресе, Қошанкөл, Қараоба ауылдарындарының тұрғындары «Береке» бағдарламасы арқылы кепіл қойып жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп жатыр. Соның нәтижесінде қошанкөлдік Бибинұр Мыңжасова 4 млн. теңгеге 16 бас ірі қара малын сатып алып, бордақылауда. Осы ауылдың тұрғыны Бибігүл Құлбаева да 1 млн. несиеге 7 бас мал сатып алып, жемдеуге қойған. Ал қараобалық Қуатқали Өтебалиев, Досжан Серікбаев сияқты ауыл тұрғындары да «Береке» бағдарламасы арқылы 4 млн. және 2 млн. 400 мың теңгеге қол жеткізіп, өз істерін ашып отыр. Алған қаражатқа 7, 12 бастан мал бордақылауда.

Қайрат ЖАҚЫП,

Қазталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале