3.02.2020, 9:41
Оқылды: 7

Казталовта мал қыстату қалыпты өтуде

«Қыстық шанасын - жазда сайлайтын» шаруалар кәрі құдаға балаған қыс айларының әрбір күніне алдын ала дайындалып, қиындық кедергілерге қашанда сақадай сай тұруды көздейді.

mal (2)

-Биылғы қыс елдегі шаруалар үшін өте қолайлы болды десек асырып айтқанымыз болмас. Оларға турасын айтқанда Алланың өзі молынан жәрдемдесіп тұр. Қырдағы малдар ақпан айы туса да әлі қолға тұрған жоқ. Бұл шаруа баққан жандар үшін көп көмек. Біз шалғайдағы шаруа қостарын жиі аралап, малшы-шопандардың күнделікті тұрмыстарын қадағалап тұрамыз.
Қыстаққа келген мал қоңдылығын жойған жоқ. Алда ашуына бір мінсе қапелімде түсе қоймайтын ақпан айы бар. Шаруалар ауа райының қандай тосын сыйы болса да жүрексінбей қабылдап, онымен күресуге дайын. Біздің қыстақтарды аралаудағы негізгі мақсатымыз шаруалардың қысқы дайындығын зерделеп, олардың амандығын көзбен көріп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, талап-тілектерін назарға алу екендігін түсіндіреміз.
Қоғам үшін қыстаққа келген малды қаһарлы қыстан шығынсыз алып шығу өзекті болса, тілсіз жау мен мал ұрлығы да сақтануды аса қажет ететін үлкен мәселе. Шаруа барысын жан-жақтан қадағалауды күшейтсек, қол жетер табыс та аз болмайды.
Өткен жылы аудан бойынша 80 447 бас ірі қара, 228 564 қой-ешкі, 23 340 жылқы, 189 бас түйе 316 қыстақта қыстаған болатын. Оған 107 985 тонна шөп, 1 293 тонна жем дайындалып, толық қамтамасыз етілді.
Ал биыл 52 790 бас ірі қара, 111 980 қой-ешкі, 24 779 жылқы, 113 бас түйе 315 қыстақта қыстатылып отыр. Оларға шаруалар тарапынан 119 523 тонна шөп, 754 тонна жем дайындалды. Мал қыстату науқаны барысында кедергілер болған жоқ, - дейді Казталов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале