17.12.2024, 16:00
Оқылды: 50

Казталовта мал ұрлығы тыйылмай тұр

Бүгінгі қоғамда мал ұрлығы мал ұстаған ағайынның мазасын алған мәселеге айналып отырғаны бәрімізге аян. Сондықтан бұл қылмыстық құқықбұзушылықтың әлеуметтік зияны зор. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының көбі өзін-өзі жұмыспен қамтып, жекеменшік үй шаруашылығы мен мал ұстап, күнкөрісін тауып, жан бағып отыр.

IMG_5421

Сурет: Қонысбай Шежімбай / Еgemen.kz

Дегенмен біреудің адал еңбегімен жинаған малына көз тігіп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер де жоқ емес. Мал ұрлығының күннен күнге өршіп, тыйылмай тұрғаны бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі десек, қателеспейміз.

Иә, оқырмандарымыз түсінгендей, мақаламыз мал ұрлығы туралы болмақ. Казталов ауданында өткен жылды есепке алмағанда, биылдың өзінде далада өз еркімен жайылып жүрген малдың жоғалуы жиі болып жатқанын құлағымыз шалып жүр. Тіпті керек десеңіз, сол жоғалған малдың дені күні бүгінге дейін табылмай отыр.

Біз мақаламызды жазу барысында мал жоғалтқан азаматтармен тілдестік. Барлығының айтатыны: «Үйдің қасында жайылып жүрген мал аяқ астынан ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Артынан қалай іздесек те, таба алмаймыз. Тіптен көрген де, естіген де адам жоқ» деген уәждері. Иә, ойланатын жағдай. 30-40 бас жылқы аяқ астынан жоқ болып кетуі бейне бір мистикалық жағдаймен тең.

Айбынбек Абитов, «Казталов» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Мен биыл 20 бас жылқымды жоғалтып отырмын. Жалпы ауданымызда мал ұрлығы серия секілді бірінен соң бірі болуда. Бірақ бір таңғалдыратыны – жоғалған малды не бір адам көрмейді, не естімейді. Жоғымызды іздеп көрдік, еш нәтиже жоқ. Аудандық полицияға да арыз түсірдік. Олардан да қайран болмай тұр. Сонда айналамызда жүрген мал аспанға ұшып кеткен жоқ қой. Тіптен басымыз қатты. Керек десеңіз, өзіміздің аудан территориясынан бөлек, көрші аудандарға дейін бардық. Тектен-тек мал жоғалмайды, оны ұрлап, тиеп кетпесе. Жылда осы бола берсе, мал бағудан да қалатын шығармыз.

Дулат Рахматуллин, «Дулат» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Жағдайымыз жақсы болмай тұр. Біздің шаруашылықтан осыдан екі жыл бұрын 17 бас, биыл тағы 18 бас жылқы жоғалды. Екі жыл бұрын қолды болған малды қанша іздесек те таппадық. Енді, міне, үш айдан бері тағы да ақ адал малымызды таба алмай отырмыз. Менің ойымша, ауданымызда мал ұрлығымен айналысатын арнайы топ бар секілді. Қыстақ айналасында жайылып жүрген жылқыны біреу айдап кетпесе, жануарлар із-ғайым жоғалмайтыны анық. Бәріміздің көкейімізді мазалаған бір сұрақ: «Қайда кетті?». Ұрылар да, мал да жер астына кіріп кететін көртышқан емес қой. Не далада адам көрмейді, не оны іздеген полиция қызметкерлерінің қырағы көзіне түспейді.

Расында, малын жоғалтқан азаматтар сөзінің жаны бар. Бейсауат адам далада жүрмейтіні анық. Сіз көлігіңізге мініп, даланы аралап көріңіз. Жолдан біреулермен кездесесіз немесе сізді сыртыңыздан біреулер көреді. Бұл – міндетті түрде орын алатын жағдай. Бәрі алақандағыдай болады. Осыдан кейін нәтиже шығара беріңіз.
Біраз айдан бері жоқ іздеп жүргендер қатарында «Ғиният» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлік Ғиният пен «Абылай» шаруашылығының басшысы Самат Шакуов та бар. Биыл «Ғиният» шаруашылығынан 44 жылқы, ал «Абылай» шаруа қожалығының бір үйір 19 бас жылқысы бір күнде жоқ болған. Іздестіру шаралары жүргізілгенімен, бір хабар жоқ.

Бұл – біз көріп, теріп, жазып отырған жағдайлар. Ал жыл басынан бері бір-екі бастан жоғалғаны қаншама?!

Статистика

Мал ұрлығына қатысты ақпарат алу үшін аудандық полиция бөліміне сауал жолдап, хат жаздық. Олар да өз тарапынан жауап берді. Полиция бөлімінен алынған мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың басынан аудан көлемінде 12 мал ұрлығы фактісі тіркелген. 2023 жылдың осындай кезеніңде 25 мал ұрлығы тіркелген екен. Былтырмен салыстырғанда мал ұрлығы 48 пайызға азайған. Ресми мәлімет осындай, ал тіркелмегені ше? Жақсы, әрі қарай цифрларды сөйлетейік. Тіркелген мал ұрлығының қазіргі таңда тоғыз фактісі ашылып, тергеп-тексеру амалдары аяқталған. 2023 жылы 19 факті ашылған. Биылғы тіркелген мал ұрлығының үш фактісі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. 2023 жылы жеті оқиға ашылмай отыр. Негізі, мал ұрлығы бойынша қылмыстың ашылуы биыл пайыз 90 пайызды құраған, ал былтыр ашылуы 64,3 пайыз болған. Статистика ғажап цифрларды көрсетіп отыр. Ал сонда жоғалған жылқылар қайда кетті?

«Бақпасаң мал кетер...»

Қазақтың «Бақпасаң мал кетер...» деген сөзі бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Аудандағы полиция инспекторлары жоғалып жатқан малдың түгелге жуығы бағылмау салдарынан орын алғанын алға тартады. Тағы да ресми деректерге көз жүгіртейік. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мал ұрлығының басым көпшілігі, яғни 92 пайызы және ашылмай тұрған қылмыстар дала жайылымынан мал иелерінің өздерінің ауыл шаруашылығы жануарына немқұрайлы қарап, бақпауы салдарынан болған. Әсіресе түнгі мезгілде даладағы малды қорасына қамамауы кесірінен жоғалып, ұрыларға оңай олжа болып отыр. Мал ұрлығының алдын алу бағытында жергілікті атқарушы органдармен, ветеринария бөлімімен және полиция қызметкерлерімен ауыл шаруашылығы малын бірдейлендіру, ен, тавро салу, GPS-трекер тағу жөнінде түсіндірме жұмысы жүргізілген.

Біздің түсінгеніміз, бағусыз мал – ұрыға олжа. Негізінен, «Ұры алыстан келмейді» деп айтылған сөз шындыққа жарасатындай. Бірақ ірі қара мен ұсақ малды бағатын ағайын ұзынаяқ жылқыны бақпайтыны рас. Арасында шығып, даладан түгендеп, қарап келеді көбі. Содан кейін бір Құдайға тапсырып, жата береміз. Кей ауылдарда ірі қара да бағылмайтыны шындық. Малмен күнімізді көріп отырған көбіміз шығын шығармай, алыстан «пультпен» баққанды ұнатамыз. Сонда кімді алдап отырмыз? Ал содан мал жоғалса, «таппады» деп полиция қызметкерлерін кінәлап шығамыз. Малын жоғалтқан азаматтардың ішінде жайылымдағы малдың қай уақыттан бері жоқ екенін білмейтіндері де бар екенін алға тартады тәртіп сақшылары. Қазіргі дамыған заманда төрт түліктің ішінде жылқыға GPS-трекер тағу дұрыс шешім секілді. Бұл құрылғыны қосқаныңыз үшін ай сайын абоненттік төлем ғана төлейсіз. Ал іске қосылған GPS-трекер арқылы үйіріңізді қолыңыздағы телефон арқылы бақылап отыруға болады.

Аудандағы тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алу бойынша біраз жұмыс атқарған. Олардың жұмысын жоққа шығарғанымыз дұрыс болмас. Мал ұрлығының алдын алу, ашу мақсатымен Казталов аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен кешенді түрде шаралар қабылданған. Яғни қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сай ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу фактісі бойынша бүгінгі күнге дейін 203 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Аудан көлемінде бірнеше қайтара «Мал ұрлығы» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Даладан жоғалған малды іздеуде тәртіп сақшылары мал иелерімен бірлесе жұмыстанып-ақ жатыр. Ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторларының күндіз-түні дала кезіп, іздестіру шараларында жүргенін де көріп жүрміз.

Шекарадағы «тесікке» кім жауапты?!

Бәрімізге белгілі, аудан Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан. Мемлекеттік шекараны Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты шекара қызметкерлері, сарбаздар күзетеді. Ал сол мемлекеттік шекараның қоршалмаған аумақтары, «тесік» бар десек, сенесіз бе?! Шекара бойында жайылған мал еш кедергісіз Ресейге не Қазақстанға еркін кіріп-шығып жүр. Аудан тәртіп сақшыларынан алған мәлімет ішінен шекараға да қатысты мәселені көрдік. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы шекарасы аумағында қоршалмаған жерлер бар. Бұл аймақтардан мал еркін жайылып, мемлекеттік шекарадан өтіп кетеді. Шекараның қоршалмауы – мал ұрлығына тікелей себеп. Ауданға қарасты Болашақ, Қайынды, Казталов, Қошанкөл ауылдарының аумағында Ресей Федерациясымен шекаралас жер – 182 шақырым. Соның ішінде 141 шақырымы қоршалмаған. Шекараның 27 шақырымы өзен, жабылғаны 41 шақырым.

Ресми деректер осындай. Сонда бұл мәселеге кім жауапты?! Шекараны қоршауға республикадан қаржы бөлмесе, бір ауданның әлі жетпейді. Аңғал-саңғал жатқан шекарамыздан малдан басқасы да оңай өтіп кетері анық. Уақыт бөліп, бұл мәселемен бөлек айналысармыз. Егер тыңдар құлақ болса. Мал ұрлығына қайта оралайық!

Ұрылар да ұсталып жатыр

Мақаламызда жазғанымыздай, мал ұрлығын ашуда аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қол қусырып қарап отырған жоқ. Жан-жақты іздестіру жұмысы мен арнайы іс-шаралар ұйымдастырған. Әттең, бізде ешкім ештеңе көрмейді, естімейді. «Пәселі өзімнен аулақ» дегендей, көрсе де, көрмегендер көп. Соның салдарынан ұрыларды ұстау қиынға соғып тұр. Жуырда полиция қызметкерлерінің тиісті жұмысы нәтижесінде ауданда мал ұрлығымен айналысып жүрген қылмыстық топ ұсталды. Полиция мәліметіне жүгінсек, 2024 жылдың желтоқсан айының 10-ы күні жедел іздестіру іс-шарасын өткізу барысында төрт бас ірі қара ұрлады деген күдікпен үш жергілікті тұрғын қолға түсті. Тергеп-тексеру барысында күдіктілер дала жайылымында жүрген малды ұрлап кеткені анықталды. Аталған жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қолға түскен қарақшылар кеше ғана мал ұрлауға шықпаған шығар?! Қарақшылар мойындаса, бұрын жоғалған малдың да шеті шығып қалар. Енді дұрыстап дәлелдеу керек. Бұл – құзырлы органдардың жұмысы. Соларға тапсырайық.

Жауапкершілік қандай?

2019 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында мал ұрлығына қатысты жаза барынша қатаңдатылды. Мал ұрлығы жеке бап болып енгізіліп, төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайтын болды. Бүгінгі күні соттарда мал ұрлаушылардың қылмысы жалпы ұрлыққа кірмей, арнайы баппен қаралады. Бұл бап ауыр санатқа жатады және сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Заңдағы 188-1-бапта бөтеннің малын ұрлағандардың мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына, бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген. Ал енді алдын ала сөз байласу арқылы мал ұрлаған қылмыстық топтың, ірі мөлшерде мал ұрлаушылардың жазасы бұдан да ауыр. Олардың да мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатын болса, тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен, бірнеше рет, аса ірі мөлшерде және қылмыстық топ жасаған мал ұрлау бойынша жаза одан әрі қатаңдатылған.

Жалпы мал ұрлағандарды табу, ұстау қандай қиын болса, қылмысты дәлелдеу мен жоғалған тұяқты орнына қою одан да күрделі. Біреудің қорасындағы малды болмашы ақшаға сата салатын қылмыскерлер өз қателігін мойындап, кешірім сұрап, көбіне ұрлағанын орнына қойып береді. Бірақ жоғалғаны табылған жәбірленуші енді «Қайтқан малда береке бар» деп дау қумай, мәселені жылы жауып қоя алмайтынын ескеру керек. Себебі шығынды өтеп, істі болған қылмыскерлер жәбірленушілермен келісімге келе алмайды.

Мал ұрлығын басқа қылмыстармен салыстырмау керек. Мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауыл халқының төрт түлігіне қол сұғу табыс көзінен айырумен тең. Сондықтан әрбір азамат мұндай заңсыз қылмысқа бармас бұрын дұрыстап ойланғаны жөн. «Ұрлық түбі – қорлық» демекші, оңай олжа тапқысы келетіндердің заңнан аттап кете алмасы айдан анық.

P.S. Мақаламызды қорытындылайтын болсақ, әзірге мал ұрлығы тыйылмай тұр.

Байқағанымыздай, ұшты-күйлі жоғалған малдың табылуы да қиын. Ақ адал малын ұрлатқан жанға да оңай түспейді, мал ұрлығымен ұсталған ұры да көп тайраңдамас. Біздің мақаламызды оқыған азаматтар өзіне қатысты дұрыс шешім қабылдайды деп сенеміз.

Нұр Рахман

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале