3.11.2022, 14:30
Оқылды: 16

Казталовта Мәуліт кеші өтті

Кеше Казталов аудандық С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында «Үмметін сүйген Мұхаммед» атты Мәуліт кеші өтті. Кеш «Әнұран» бейнеролигінің көрсетілімімен басталды. Жастар арасындағы дінді бұрмалаушылық, дін жайындағы қате түсінік жөнінде түсірілген бейнеролик жиналған көпшілікке «Отанды сүю иманнан» деген сөздің терең мағынасын ұқтырғандай болды.

WhatsApp Image 2022-11-03 at 11.04.13 (3)

Әсерлі бейнеороликтен соң «Ақ ниет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанатқали Айтқалиұлы Мәуліт мерекесіне арналған кешті Құран аяттарымен ашты. Ата салтымыз бен дәстүріміз бойынша оқылған Құран аяттарынан соң Жаратушы Алладан елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тілеп жиналған көпшілік «Әумин!» деп бет сипады. Асыл дініміз исламды және бүгінгі рухани кештің мән-мағынасын түсіндіру үшін аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Жандосбек Досқалиұлы Құсайыновқа сөз кезегі берілді.

WhatsApp Image 2022-11-03 at 11.04.14 (1)

Кеш көрермендерін Мәуліт мерекесімен құттықтаған бас имам, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллалаһу алейһи уә ссәләм) туылғаны Мәуліт мерекесі деп аталатынын, оның аты Алла Тағаладан кейін аталып, үнемі құрмет көрсетілуі қажет екенін айтты. Пайғамбарымыздың атын атаған сайын оған салауат айту адам баласына екі дүниеде де ісінің оң болуына жәрдемін тигізетінін және сәби дүниеге келіп азан шақырып ат қойғанда да, адам дүниеден өткенде жаназа кезінде де Пайғамбарымыздың есімі Алладан кейін аталып өтетінін мысалға келтірді.

«Бес уақыт намаз оқыған кезде де пайғамбар есімі аталып, оған салауат айтылады. Уақыт белдеуіне байланысты жер бетінде күні бойы Азан шақырылып тұрады. Бұл дегеніміз Алланың ұлық есімі мен Пайғамбар есімі бір минутта тоқталмастан айтылып тұрады деген сөз. Пайғамбарымыздың өмірі, оның көрген қиыншылықтары, оның сабырлылығы мен шүкіршілігі жайында оқыған адам асыл дінімізді алып келген Пайғамбарымызға шын иман келтіріп, оған жан-жүрегімен беріліп салауат айтады.» деді мешіт имамы өз сөзінде.

WhatsApp Image 2022-11-03 at 11.04.14 (3)

Көрерменді көркем сөз мәнерімен ұйытып, дін тағылымын түсіндірген Жандосбек Құсайыновтан кейін, А.Неғметов сахнаға «Үмбет үні» атты әнімен шығып жағымды әуенмен жанға жайлылық сыйлады.

Бес күн жалғанда шүкіршілік дегенді ұмытып, қу дүние соңына қуып адасқан пенденің тасқа айналып бара жатқан жүрегін жібіткен әсерлі оқиға туралы өте бір салмақты, мән-мағынасы мен астары терең театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылымда ойнаған өнер азаматтарының жоғары дәрежедегі әртістік шеберліктері арқасында қойылым өз мақсатына жетіп, залдағы көрермен көңіліне көп нәрсені түйгізе алды. Уақытша жүрген жалған өмірден тек иманы мен жасаған игі ісін ғана арқалап кететін адам баласының, тіршілікте қу дүниеге тоймайтын «дүниеқоңызға» айналмауы қажеттігін ұқтырған әсерлі қойылым көптің көңілінен шықты. Мәуліт кешінің соңында өнерпаздар «Дүние керуен» атты ән шырқап, рухани жиынның шырайын кіргізді. Жан сарайын тазартып, жүрек кірін кетірген керемет кеш көрермен көңілінде қайталанбас ізін қалдырды.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале