22.03.2025, 15:30
Оқылды: 55

Казталовта Наурыз тойы дүркіреп өтті

Қазақ халқының ежелден келе жатқан мейрамы Наурыз — көктем мезгілінің жетіп, күн мен түннің теңеліп, табиғат-Ананың оянатын уақытымен тұспа-тұс келеді. Наурыз парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Қазақтар бұл күнді Ұлыстың ұлы күні деп те атайды.

IMG20250322103917

Ұлыстың Ұлы күні Казталов аудан орталығында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мәдени-көпшілік шарасы өтті.

IMG20250322103305
«Достық» саябағында аудан тұрғындары мен қонақтар үшін ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, ұлттық тағам түрлерінен дәм ұсынылды. Сахналық аймақ мерекеге сай безендірілген, әдемі әуендер келген көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Саябақта қауышқан ауылдастар бір-бірімен құшақтаса көрісіп, аман-саулық сұрасып жатты...

IMG20250322103558

Мерекелік шара Сағит Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары мен Казталов жастар театрының әртістері сомдаған театрландырылған көрініспен ашылды. Сахна төріне Халықтың «Қарлығаш» би ансамблінің мың бұралған бишілері шығып, шуағын төккен көктем бейнесін бимен жеткізсе, теңескен Ай мен Күн образдарын жас актерлар бейнеледі. Жиналған жұртшылық алдына Жауқазын, Қыдыр ата мен Жер-Ана шығып, тілектерін арнап, ақ батасын берді. Көпшілікке Наурыз көжеден дәм үлестірілді.

IMG20250322102737

Театрландырылған көріністен кейін топқа шыққан өнерпаздар, жас жігіттер мен бойжеткендер саябақ ішін жайната түсіп, «Наурыз думан», «Қара жорға» әндерімен мереке көркін қыздыра түсті.

IMG20250322101934

Әдемі әуендермен өрнектелген шарада Казталов балалар музыка мектебінің әншілері халық әні «Әриайдай» әнін шырқаса, осы мектептен ашылған Хатимолла Бердіғалиев атындағы дәстүрлі ән сыныбының оқушылары «Бастау» әнімен көптің көңілінен шықты.

IMG20250322102927

Сахна төріне көтерілген аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мерекелік шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, ауданымыз бойынша өткен жылдың табысты жұмыстарын атап өтті.

IMG20250322104815

Сахнадағы салтанатты шара аудан өнерпаздары даярлаған думанды концертке ұласты.

Аудан орталығында өткен наурыз тойында жергілікті шеберлердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтіп, мекеме ұжымдары дайындаған дастархан жайылды. Саябаққа келген ауылдың ақсақалдары мен көпшілік ұлттық мәзірге сай дайындалған дастарханнан дәм татып, наурыз көжесін ішті.

IMG20250322105137

Бүгінгі мәдени-көпшілік шарасының жылдағыдан ерекше өткенін саябаққа келген адамдар ғана түсінбек. Осы жерде халық үшін шара ұйымдастырған ұйымдастыру алқасы мен аудан орталығындағы мекеме ұжымдарының еңбегі мен бірлігін атап өткеніміз жөн.
Саябақ ішінде сауда-саттық алаңы да ұйымдастырылып, жиналған жұртшылық тәтті сусындар мен дәмі тіл үйірер қуырдақ, палау, кәуап жеп қарқ болды.

IMG20250322112152

Мерекеде аудандық спорт бөлімі мен «Айбын» спорт клубы ұйымдастырған ұлттық спорт түрлеріне кезек берілді. Ауданның білекті де жүректі жігіттері садақ ату, қол күресі, арқан тарту және қой көтеруден сынға түсті. Спорттық сайыстарда балалар да тыс қалмай, қозы көтеріп жарысты. Ұлттық спорт сайыстарында қол күрестен Тілек Жолдыбаев ІІІ орын, Еламан Сағатұлы ІІ орын, Нұртілек Жалмұхан І орын жеңіп алса, садақ атуда Санжар Айтқалиев ІІІ орын, Жүніс Жолдыбаев ІІ орын, Берік Рахымғалиев І орын алды. Кіл мықтылар тартысқан арқан тарту сайысында ІІІ орын Ауыл жастарына, ІІ орын «Бөкейорда» резерваты командасына бұйырса, мемлекеттік қызметкерлер командасы І орынды жұлып алды.

Халықты қызыққа бөлеген қой көтеруде Мейрамбек Қуатов бәрінен озса, қозы көтеруде Диас Сәрсенғалиев есімді жеткіншек жеңіс тұғырынан көрінді.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале