Бүгін Казталов ауданы орталығында Казталов, Бөкей орда аудандарының аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің басын қосқан аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының біліктілігін арттыру мақсатында Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының бағдарламасына сай «Сайлау кезіндегі сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында облыстық семинар өтуде.
Семинарға Казталов ауданының прокуроры Бауыржан Молғалиев, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Күнсәуле Аралбекова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асқар Жәнібеков, Арман Жиенғалиев және облыстық оқу орталығының мамандары Эльмира Құсмурзина, Бикет Нығметов, Райымбек Нұрекешов, Фархад Хайретдинов қатысса, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова төрағалық жасады.
Семинарда аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы: «Қазақстан Республика Конституциясының 41-бабының 3-1 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті 2022 жылғы 21 қыркүйектегі №1019 Жарлығымен 2022 жылғы 20 қарашасына Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы ел өміріндегі аса маңызды қоғамдық-саяси оқиға.
Ендігі кезекте Қазақстан Республикасы Президентінің сайлау циклі басталды, ол саяси жүйені жаңғыртуға негізделген және маусым айында өткен референдумда азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді. Ел үшін жауапты кезеңді бірге еңсеріп, жоғары деңгейде өткізуіміз қажет. Семинарға қатысушыларға сәттілік тілеймін!», - деді.
22 қыркүйек күні аудандық сайлау комиссиясының шешімімен 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Казталов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспары бекітілді. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы кезінде ауданда 7 мүшеден тұратын 1 аумақтық сайлау комиссиясы және 250 мүшеден тұратын 48 учаскелік сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес жұмыс жасауда.
Семинарда сөз алған аудан прокуроры Бауыржан Молғалиев сайлау кезіндегі заңдылықтарды сақтау туралы түсінік берсе, Күнсәуле Аралбекова Қазақстан Республикасында сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі мәселелері, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, қолданыстағы сайлау туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және кандидаттардың сайлау қорлары қаражатының түсуіне және жұмсалуына бақылауды қамтамасыз ету жөнінде баяндады.
Семинар жұмысы практикалық жағдайларды талдау мәселесі бойынша облыстан келген лекторлардың тренингіне жалғасады.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz