Баянды ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болуы үшін әр отбасындағы ата-ана берген тәлім тәрбие білім ошағында да заңды жалғасын тауып, жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуы ата-ана мен білім ошағына бірдей болуы абзал. Тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – отбасы мен білім ордасынан алған үлгі-өнеге жиынтығының толық жемісі болып табылады.
Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында білім беру ұйымдарында 2-8 қыркүйек аралығында барлық білім беру ұйымдарында "Отбасы күні" мерекесіне орай «Отбасы – бақыт мекені» атты апталық ұйымдастырылды.
Онда «Отбасы құндылықтары» тақырыбында оқушыларға отбасының адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру мақсатында сынып сағаттары өтіп, отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасылық қатынастарды нығайту және сол арқылы «Отбасымен бірге кітап оқимыз» тақырыбында ата-аналардың қатысуымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде «Өнегелі 15 минут» іс-шарасы өтіп, ата-аналарды балаларымен уақыт бөлуге шақырды.
Шара барысында «Ата-ананың алақаны-балаға саялы бақ», «Отбасыма тілер тілегім» тақырыбында педагог-психологтар тренинг өткізді. Мектеп оқушыларының арасында ата-анаға деген құрмет, бауырға деген сыйластықты дәріптеу мақсатында көңілді әуен сәтті ұйымдастырылды. Ал өзін-өзі басқару ұйымдарының мүшелері болса, апталық аясында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қатысушыларынан сұхбат алып, отбасы құндылықтары жөнінде сыр-сұхбат өткізді. Одан кейін жоспарға сәйкес, спорттық жарыстар, «Отбасым-шырайлы мекенім!» тақырыбында бастауыш сынып оқушылар салған суреттерден сурет көрмесі өтсе, негізгі сынып оқушылары «Отан-отбасынан басталады» тақырыбында эссе жазды. Жоғары сынып оқушылары отбасылық суреттерден әдемі бейнеролик дайындап, апталық ажарын аша түсті. Осылайша аудандық білім бөлімі бойынша ұйымдастырылып, жүзеге асырылған «Отбасы – бақыт мекені» атты апталық шарасы өз мәресіне жетіп, ұрпақ тәрбиесінің құндылықтары кең көлемде насихатталды.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы