29 наурыз күні Казталов ауданы активінің кезекті отырысы аудан әкімі Альберт Есалиевтің төрағалығымен аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігі аппаратының басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті. Казталов ауылдық округінің әкімінен басқа ауылдық окург әкімдері отырысқа ZOOM платформасы арқылы қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде су қоймаларының жағдайы, бөгеттерге су айдау мәселесі, Казталов ауданындағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай және вакцинациялау жұмыстарының жүргізілу барысы, карантиндік шектеу шараларының жеке кәсіпкерлік субъектілеріне әсері, ауданның экономикалық дамуы (I тоқсанға) және аудан бюджетінің игерілуі туралы, ауыл шаруашылығы малдарының бірдейлендіру дерекқорына енгізілуі және қаңғыбас иттер мен мысықтарды биозарарсыздандыру туралы, «Менің аулам – менің бағым» жобасының ауданда жүзеге асуы жөнінде мәселелер қаралды.
Аудан ауыл шаруашылық саласында облысымыздың алдыңғы қатарлы аймақтарына жататындығы белгілі. Аймағымыздың су мәселесі халықты да, билік өкілдерін де алаңдатып отыр. Бұнымыз «Су қоймаларының жағдайы, бөгеттерге су айдау мәселесі» жөніндегі аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтың бяндамасынан айқын көрініс тапты.
- Ауданда 48 елді мекен болса соның ішінде 33 елді мекенде жазғы мезгілде ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға арналған 47 көбік орналасқан. 47 көбіктің 12 көбігіне құжаттары жасақталып, жергілікті ауылдық округтері әкімі аппаратының теңгерімдеріне берілді. 2020 жылы аудандық бюджет есебінен Казталов мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорны арқылы Аққурай, Көпкүтір, Болашақ, Хайруш, Ақпатер, Қараоба, Ордабай, Тереңкөл, Әжібай, Оразғали, Бозоба барлығы 11 елді-мекеннің 12 көбігіне тазарту (арнасы ұлғайтылып тереңдетіліп қазу) жұмыстары жүргізілді. Күні бүгінге дейін 47 көбікке көктемгі еріген қар суынан мол су қоры жинақталды.Сонымен қатар биылғы жылы қосымша Казталов ауылына 1 көбік, Беспішен ауылына 1 көбік қазу жұмыстары жоспарланып отыр, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Баяндама барысында су қоймалары, магистральді арналар, лиманды алқаптар, бөгеттердің қазіргі ахуалы мен болашағы да баяндалды. Көлтабандағы суармалы жерлерді қайта құру жұмыстары туралы да мәліметтер берілді.
Мәліметтерге сүйенсек, Сакрыл, Мамай жүйесіндегі көлтабанды суармалы жерлерін, Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылының Қараөзен өзеніндігі су жіберу бөгені нысанын қайта құру, Жалпақтал ауылынан жоғары орналасқан Қараөзен өзеніндегі су қоймасының құрылысын жүргізу жоспарланған.
Отырыс күн тәртібіне сәйкес кезекті мәселе коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай және вакцинациялау жұмыстарының жүргізілу барысы болды. Бұқараның зығырданын қайнатқан, мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымызға тұсау болған індеттің аудандағы ахуалы көңіл көншітер емес. Наурыз айының 22 және 26-шы жұлдызы аралығында коронавирустық инфекциямен барлығы 9 жағдай тіркелген.Оның ішінде 8 жағдайда ауру белгілері бар болса, 1 жағдайда ешқандай белгі байқалмаған. Ал 2021 жылдың қаңтар айынын бастап күні бүгінге дейінгі ахуал жөнінде Казталов аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Талхат Хайдаров мынайдай мәлімдеме жасады.
- 2021 жылдың 1-ші қаңтары мен 26-шы наурызы аралығында коронавирустық инфекциямен барлығы 41 жағдай тіркелді. Оның ішінде 31 жағдайда ауру белгілері бар болса, 10 жағдайда ауру белгілері жоқ. Індеттен 26 адам сауығып шықса, 1 адам ілеспелі созылмалы аурулар себебінен қайтыс болды.Індет белгілері науқастармен байланыста болғандарды тексеру кезінде 17 адамда (41,5 пайыз), ЖРВИ белгілері бойынша тексерілген 24 адамда (58,5 пайыз) анықталды, - дейді басқарма басшысы.
Ал індетке қарсы вакцинауиялаудың қалай жүргізіліп жатқандығы жөнінде басқарма басшысы төмендегі мәліметті алға тартты.
- Коронавирусқа қарсы екпе вакцинаның келіп түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ауданымызға барлығы 1-ші компонентте 240 доза вакцина келді. Оның 115-і Казталов ауылындағы №1 Казталов аудандық ауруханасына, 125-і Жалпақтал ауылындағы №2 Казталов аудандық ауруханасына жеткізілді. Екпенің 1-ші компонентін 151 (Казталов - 81, Жалпақтал - 70) адам алды. Соның ішінде медицина қызметкерлері - 113, өзге адамдар - 26, мұғалімдер - 10, мемлекеттік қызметкерлер - 2-еу.
Індеттің белең алуына не кедергі? Неге індеттің қалай таралғандығы жөнінде сараптама жасалмағандығы, вакцинациялау процесінің төмендігі аудан әкімін де алаңдатты.
- Біз індеттің белең алуының алдын алу мақсатында тиісті шараларды қолға алдық. Бұл көрсеткіштер бұған жауапты сала мамандарының төмен деңгейде жұмыс атқарғандығын дәлелдеп отыр. Мен бұл мәселені назарға ала отырып хаттамаға мынадай ұсыныстар енгізуді сұраймын. Біріншіден, індеттің аудан тұрғындарына қайдан, қалай жұққандығын анықтаңыздар. Кімдер жұқтырғандығын да назарға ала отырып, вирусты жұқтыру себебін БАҚ-да жариялау керек. Екіншіден, вакцинациялауды түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынамын. Дәлелді, нақты дереккөздерді БАҚ арқылы жариялап, халық назарына ұсынуға тиіспіз. Үшіншіден, балаларымыздың білім алуы мәселесіне ден қойғанымыз жөн. Қашықтан білім алудың қандай нәтиже беретіндігін ескере отырып, ауданымыздың білім беру жүйесін дәстүрлі форматқа көшіруді ұсынамын, - деді Альберт Темірболатұлы.
Келесі мәселе де алдыңғысының жалғасы іспеттес. Бұл жолы шектеу шараларының кәсіпкерлердің жұмысына кері әсері баяндалды. Казталов аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы филиалының директоры Аманжол Нығметовөз баяндауында тек ойын-сауық орталықтарының тізімін көрсетумен ғана шектелді.
- Аудан бойынша жабық обьектілер көп болмағанымен, ойын-сауық объектілері өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр екендігін мәлімдегім келеді. Мысалы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқып, мемлекеттік грант алған 4 жоба бойынша (Казталов, Жалпақтал, Қараоба және Бостандық ауылдық округтерінен) Playstation ойын-сауық орталығы өз жұмыстарын тоқтатқан. Бұдан басқа, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант игері Г.Рахматуллинаның жетекшілігіндегі «Еркем-ай»ойын-сауық орталығы өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Сонымен қатар аудан орталығында Елшат Сағыналиевтің өз қаражатына ашқан бильярд және компьютерлік клубы шектеу шараларының салалдарынан өз жұмысын тоқтатқан.Осыған орай ауданымызда эпидемиологиялық ахуалды ескере отыра және ойын сауық орталықтарының infokazakhstan.kz сайтында талапқа сай дайын болу жағдайларын қарап, жұмыс жасау мәселесін қарастыруды ұсынамын.
Айтылған дүниенің індеттің өршуіне әкелуі мүмкін екендігін және халықты мұндай дүниелерге алаңдатпау керектігін де ескерген аудан әкімі басты назарды халыққа қажетті деп табылатын кәсіпкерлік нысандар мен олардың жұмысына аудару керектігін баса айтты.
Отырыста ауданның экономикалық дамуы (I тоқсанға) және аудан бюджетінің игерілуі туралы мәселе де қаралып, аудан әкімі қаражаттың игерілуін мекеме басшылары жіті бақылауда ұстағаны жөн екенін атап өтті. Ал ауылшаруашылығы малдарының бірдейлендіру дерекқорына енгізілуі және қаңғыбас иттер мен мысықтарды биозарарсыздандыру туралы мәселеде атқарылып жатқан жұмыстарды әлде де күшейте отырып, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайту жолдары да ұсынылды. Соңғы мәселе «Менің аулам-менің бағым» жобасының ауданда жүзеге асуы жөнінде есеп беріліп, бұл жобаның ауданымыздың кәсіпкерлік саласының дамуы мен көгалдандыруда алар орны ерекше болатындығы ескерілді. Сонымен қатар аудан әкімі өзге де мәселер қатарында халқымыздың демографиялық көрсеткіші мен ауданымыздағы құрылыс жұмыстарының сапасына тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Отырыс мазмұнына үңілер болсақ, Альберт Темірболатұлы жиынға қатысушыларға «халыққа нәтиже керектігін» қайталай отырып, есепке емес, нақты жұмыстардың атқаруына назар аудару қажеттігін және талап еткеніміз жөн екенін де баса айтты. Бұл өз деңгейінде ауданымыздың экономикалық дамуы мен әлеуметтік ілгерілеуін жеделдетеді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz