Бүгін Казталов аудандық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңейтілген отырысқа Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, қоғамдық кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, салалық бөлім басшылары қатысып, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Мағауия Есмағұлов төрағалық жасады.
Казталов ауданы үшін маңызы басым кеңес отырысында бірінші кезекте Казталов аудандық мәслихатының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 11-1 «2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Айнұр Мусинаның хабарламасы тыңдалды.
Хабарламаға қысқаша тоқталсақ, ұлттық қордан бөлінген әлеуметтік көмек қаржысын және Бостандық ауылының ішкі көше жолына бөлінген қаржы трансфертін қысқарту және Казталов аудандық маңызы бар 524 шақырым автомобиль жолдарын паспорттауға, Казталов ауданының 15-49 шақырым Беспішен—Қошанкөл—Қараоба жолына күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті трансферт қаражатын өсіру туралы айтылып, талқыланды.
Күн тәртібіндегі өзекті ауданда оқушылардың жазғы демалыс лагерін салу мәселесі бойынша аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы Асфандияр Амангелдиев Қошанкөл ауылдық округіндегі Көктерек тоғайынан жыл бойына 100 орындық балалар жазғы лагерін салуға жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамаға кіргенін жеткізді. Сонымен бірге аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрлан Жасқалиев аудан аумағындағы балалар жазғы лагерлерінің санитарлық талаптарға сәйкес болмауы және лагерь ғимараттарының «апатты» деп танылуына байланысты жабылып, сол себептен, оқушылардың жазғы демалысын мектептер жанынан ұйымдастырылып жатқанын айтты. Кеңесте сөз алған аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Сисенғали Нығметов 2018, 2020, 2021 жылдары қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жаңадан заманауи лагерь салу туралы мәселе көтергенін және осы мәселеге қатысты жоба жасауға аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің келісімімен болғанын айтып берді. Сисенғали Қожақұлы Сакрыл көлі көлі жанынан 100 орындық балалар демалыс лагеріне жоба жасауға ұсынысын жолдады.
Лагерь мәселесіне қатысты сөз алған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы халық наразылығын туғызбай, бір ортақ шешімге келуге шақырды. Балалар демалыс лагерін салу бойынша қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңесте Казталов ауылының тұрғындары Нұрлыбек Хайруллин мен Руслан Сұлтанов Қошанкөл ауылдық округінен де, Жаңажол ауылдық округінен де балалар демалыс лагерін салу туралы ұсыныс білдірді.
Қоғамдық кеңеске қатысушылар ортақ мәмілеге келіп, дайындалып жатқан жобаға байланыстырып, Сакрыл көлі жанынан да 100 орындық балалар жазғы демалыс лагеріне жобалық-сметалық құжаттама жасауға қатысты ұсыныстар ескеріліп, шешім қабылданды.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы