Қазталов ауданы тұрғындарының көптен күткен арманы болған саз мектебінің құрылыс жұмыстары былтыр басталған болатын. Бұл жобаға облыс бюджетінен 87 млн. 615,9 мың теңге аударылып, құрылыс жұмысын «ЖолаушыЖол» ЖШС сапалы аяқтады. 24 балаға арналған саз мектебінде музыкалық аспаптар сыныбымен қатар би, концерт залдары бар.
Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов келіп, аудан тұрғындарын құттықтады. Осы салада ұзақ жылдар қызмет жасаған, мәдениет саласының ардагерлері Ғалымжан Нығметов пен Қорлан Ахметқалиева саз мектебінің лентасын кессе, мектептің кілтін «ЖолаушыЖол» ЖШС-ның директоры Серік Темірханов саз мектебінің директоры Жадыра Тілеубаеваға табыс етті.
Жаңа нысанды аралап көрген Алтай Сейдірұлы ауыл ақсақалдарымен жүздесіп:
-Елбасымыздың саясатының арқасында облыс бойынша ауқымды жобалар мен жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың қатарында Қазталов ауданында да біршама істер атқарылғанына өздеріңіз куәсіз. Жаңадан мектеп салуды да жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Қазталовтағы басты мәселе ауыз судың уақытпен берілуі. Бұл мәселенің де шешімін табуға ықпал жасаймыз. Бір қуантарлық жағдай келесі жылы жоғары сапалы интернет желісін Қазталов ауданына да жеткізетін боламыз, - деді.
Қайрат ЖАҚЫП,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер