Казталов ауданы бойынша ат спорты мықты дамыған, алдыңғы қатардағы округтің бірі болып саналатын Қошанкөл ауылында ат жалын тартып мінген азаматтар осыдан 11 жыл бұрын ұлттық спортқа бетбұрыс жасаған болатын. Ауылдың жігіттері команда құрып, бәйге, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ сынды ұлттық спортты насихаттап, талай мәрте облыстық додаларға қатысып келеді.
Айта кетуіміз керек, Қошанкөлде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін аттан түспейді. Бұл ауылда нәзік жандылар да ат құлағында ойнайтына куә болдық. Қасиетті Қамбар атаға деген құрметті Қошанкөл ауылының кіреберісінен-ақ байқауға болады. Жүйрік жануардің мүсіні алыстан келген қонақтық көзіне оттай басылары сөзсіз. Еліміз бойынша алғашқы жылқыға арналған «Сәйгүлік» мүзейі де осы ауылда ашылды.
Жылқыға мініп, көшпенділер болмысын бойларына сіңірген қошакөлдік ағайынның ішінен небір сейістер мен шабандоздар да елге танылып үлгерді. Тағы бір ауыз толтырып айтарымыз, аудандық «Айбын» спорт клубы жанынан Қошанкөл ауылында жылқы үйірмесі ашылған. Атқа мініп үйренгісі келген, жылқыға деген қызығушылығы оянған жас жеткіншектер үшін үйірменің берері көп.
Иә, ауыл азаматтары аттан түсіп көрген емес. Кейбір мен танитын қошанкөлдік жігіттердің жаяу жүрген кездегі мінезі бір бөлек, ал олар атқа қонған кезде бір бөлек. Бес минут бұрын алдыңда тұрған жуас, жәйлі жігіт, атқа мініп, арқасы қозып, бойындағы қаны тасып кететіндей. Астындағы ауыздығын шайнаған тұлпарымен біте қайнасып, жаныңнан қайта-қайта соқтығысып өтеді. Қазір алдынан жау көрінсе, жайпап кетер түрі бар. Бойындағы рухы мен күш-жігері тасып жатқандай...
Біз аталған ауылға талай мәрте барып, рухты жігіттердің Қошанкөл ауылында екеніне көз жеткіздік. Себебі, атқа қонып асқақтаған адамның ғана жүрегінде қазақи рухы оянатыны анық. Рухымыз биік болғай!
Нұр РАХМАН,
Казталов ауданы