Казталов ауданында соңғы жылдары мал саны өсіп жатыр. Қолдағы малға қажетті мал азығын дайындаудың өзі оңайға соқпайды. Қолында күші бар шаруашылықтар бірінші кезекте өздеріне шөп шауып, жинайды. Ал қолында арнайы техникасы жоқ қарапайым халық қайтпек? Халыққа қожалықтардан артылған, бағасы қалтаға соғатын шөп сатылатыны анық.
Бұл мәселені тек ауданды қала берсе ауылды басқарып отырған азаматтар ғана шеше алады. Халыққа шөп шауып, төмен бағамен сатуды Бірік ауылдық округінде ауылдық округі әкімінің аппараты ұйымдастыруда. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, ыңғайын тапқан азаматтардың бірлігінің арқасында тыңғылықты шаруа жүзеге асып жатыр. Округ аумағында бос жатқан шабындық жерлерге орақ салып, шабылған шөптің бір бумасын ауыл тұрғындарына 4000 теңгеден сатылуда.
Міне, округті басқарып отырған Жігер Темірбекұлы секілді азаматтардың алғырлығының арқасында округ тұрғындары мал азығымен қамтылуда. Бірік ауылында ұйымдастырылып жатқан нәтижелі іс көпке үлгі болсын!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы