Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында 1998 жылғы түлектердің тартуымен құны 4 миллион теңге тұратын «СТРИТ ВОРКАУТ» жаттығу спорт алаңы ашылды.
Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: -Бәріңізді ашылып отырған жаңа заманауи жаттығу спорт алаңының ашылуымен құттықтаймын. Сіздердің күштеріңізбен, демеушілігіңізбен сыйға тартып отырған тартуларыңыз елдің, ауылдың дамуына қосқан үлкен үлес деп білеміз. Осы мамыр айында жалпақталдық түлектердің демеушілігімен 24 миллион теңгенің жұмыстары атқарылып, ел игілігіне табысталды. Сіздерге мың алғыс, түлектер, -деді. Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Қауметов те түлектерге алғысын жеткізді. Түлектер атынан сөз алған Сенім Раxметуллин түлектердің туған жерге деген тілегін жеткізді.
Ал 1978 жылғы мектеп бітірген түлектердің тартуымен «Жастар саябағы» ашылды. Саябақтың лентасын салтанатты қию рәсімі соғыс ардагері Жұбат Сәрсембиев пен түлек Айгүл Тасыбаеваға берілді.
Жалпақтал ауылының 1966 жылы туған түлектері «Батырлар аллеясын» сыйға тартты. Мұнда 13 «Социалистік Еңбек Ерлері» мен 2 Кеңес Одағының Батырының бюсті орналасқан. Бұл жұмыстарға мектеп бітіргендеріне 35 жыл болған түлектер 10 миллион теңге шамасында қаражат жұмсады. «Батырлар аллеясының» лентасын Ұлы Отан соғысының ардагері Жұбат Сәрсембиев және мектеп бітіргеніне 35 жыл толған түлек Қазақстан Республикасының Даму және инвестициялар министрлігінің жауапты xатшысы Замир Сағынов қиды.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ,
Қазталов ауданы