Наурыз мейрамы қарсаңында Казталов ауданында жаңа мектептің құрылысы бастау алды. Жаңа мектеп Қоныс елді мекенінің тұрғындарын қуантпақ.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың апатты мектептердің орнына жаңа мектептер салу тапсырмасына орай, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің жоспарына сәйкес 60 орындық мектеп - «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі жобасы негізінде салынуда.
Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов құрылыс алаңына барып, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік жобалар және құрылыс бөлімінің басшысы Ержан Әубәкіров және мердігер «Smartech» ЖШС-нің директоры Жәнібек Байхатовпен кездесті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары Айдар Менеев, Серік Қайырлиев, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов қатысты. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мектептің сапасына және құрылыстың мерзімге сай жүруіне аса мән беру қажеттігін баса айтты.
- Қоныста жаңа мектеп салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Халық жаңа білім ордасын асыға күтуде. Ауданымызда бірнеше мектептің құрылысы жауапсыз мердігерлердің кесірінен баяу жүргізілгені мәлім. Сондықтан алдымен мектептің сапасына, содан соң құрылыс қарқынын арттыруға мән беріңіздер. Мектепті белгіленген уақытта пайдалануға беруіміз қажет, - деді аудан әкімі.
Аумағы 1709,5 шаршы метрді құрайтын жаңа мектептің құрылыс жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы