Былтыр Казталов ауданы Талдыапан ауылдық округінің Қайшақұдық ауылы жанында «Ет индустриясы» ЖШС ашқан мамандандырылған мал бордақылау алаңы бүгінгі таңда толыққанды іске қосылып, жұмыс жасауда. Талдыапан ауылдық округіне барған іссапар барысында кешен жұмысымен танысып, қостанайлық ірі инвестордың қарқынды қызметіне куә болдық.
Иә, былтыр ірі инвестордың өңірімізге келіп, біздің ауданымызды таңдағаны облысымыздағы тың жаңалық болды. Мал бордақылау ісі келмеске кеткен ұжымшарлар мен кеңшарлар заманында қолға алынып, жоғарғы нәтижеге жеткенін сол кезеңде қызмет атқарған ата, әкелеріміздің майын тамыза айтқан әңгімелерінен еститінбіз. «Пәленше ұжымшар, пәленше кеңшар тонналап ет тапсырып, миллионер атанды» деп айтып отыратын. Сол кездің өзі көз алдымызға ертегідей елестейтін. Шалғайдан келіп, қыруар қаржы жұмсап, шаруа бастағалы жатқан азаматтардың ісіне күмәнмен қарағандар да жоқ емес еді. «Аузы күйген үріп ішеді» демекші, өңірімізде осында ірі жобаны қолға алып, аяқсыз тастағандар да жоқ емес-ті. Үкіметтің еселі қаражатын жымқырып, мақсатсыз жұмсаған алаяқтар құрықталып, темір тордың арғы жағына тоғытылғаны да рас. Ендігі кезекте: «Бұлардың ісі қалай болар екен» деп әліптің артын баққандар да бар болатын.
«Бәрін айт та бірін айт» дегендей, бар жұмысымызды ысырып тастап, көлігімізді сайлап, таңмен Талдыпанды бетке алып, жолға шықтық. Казталов пен Ақжайықтың шекарасында орналасқан Талдыапан ауылдық округі жыл өткен сайын даму үстінде. Тоқырау уақытында округтің елді мекендерінен халық қалаға жақын жерлерге үдере көшсе, бүгінде сол сыйықсыз ауылдарға жан бітіп жатыр. Ол еліміздегі атқамінерлердің дұрыс саясаты мен халық ынтымағының нәтижесі. Күні кеше округтің барлық дерлік елді мекендеріне ауыз су мен көгілдір отын тартылып, тұрғындар бір қуанса, округте төрт түлік малдың арқасында шаруасын шалқытқан азаматтар да қарап қалған емес. Нұрлыбай, Дархан сынды туған елдің төл перзенттері жеке қаражаттарына әлеуметтік нысандар салып, округтің дамуына шамасынша үлестерін қосуда. Ол аз десеңіз, Қособа ауылының тұрғындары бірлесе шағын мектеп салып жатқаны да осы Талдыапан округінде. Енді округке қатқыл табанды жол тарту ғана қалды. Түбі Талдыапан ауылдық округі бәрін басып озатынына сенім зор.
Сонымен біз «Ет индустриясы» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы орналасқан жерге де жеттік. Ат шаптырымдай аумақты алып жатқан мекеменің тірлігі қауырт. Байқағанымыздай, қол қусырып қарап отырған адам жоқ, бәрі де тынымсыз еңбек үстінде. Бірақ барлық жұмыс толықтай автоматтандырылған. Бұқашықтарды қабылдаудан бастап, күнделікті жем-шөбін берудің өзі компьютердегі арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асады. Сапарымыз барысында барлық жұмыстың басы-қасында жүрген «Ет индустриясы» ЖШС директорының орынбасары Асқар Есқалиевтен бордақылау кешенінің жұмысы туралы кеңінен айтып беруін өтіндік.
– «Ет индустриясы» ЖШС мамандандырылған мал бордақылау алаңы бүгінде толыққанды жұмыс жасап тұр. Облысымыздың барлық аудандарынан бұқашықтар қабылдап жатырмыз. Көрші облыстардан да мал тапсырып жатқандар да бар. Алаңдағы жұмыстың барлығы дерлік автоматтандырылған. Мал қабылдау пунктінде Канада мен Жаңа Зеландия елдерінен сатып алынған құрылғылар орнатылған. Бұл құрылғыда мекеменің мамандары, мал дәрігері келген малдың салмағын өлшеп, егіп, сырға салады. Қабылданған малдың барлық деректері электрондық базаға енгізіледі. Сатып алынған бұқашық бордақылау алаңына жіберілмес бұрын карантинде тұрады. Мал бордақылау алаңына 30 маман жұмыс атқарып жатса, соның ішінде жергілікті жердің 26 тұрғынын жұмысқа қабылдадық. Еңбекақылары 100 мың теңгеден басталып, барлық әлеуметтік төлемдермен қамтылған. Алдағы уақытта мал азығын егу, шөп шабу секілді маусымдық жұмыстарға да ауыл тұрғындарынан жұмысқа тартатын боламыз. Мал азығына келетін болсақ толықтай жеткілікті. Қажетті жем-шөпті толықтай жинақтап алынды. Алаңда 3000-ға тарта бұқашықтар бордақыланып жатыр. Күнбе-күн мал қабылдануда, – дейді Асқар Есқалиұлы.
Білген адамға осы алаңға келіп мал тапсырғаннан тиімдісі жоқ. Олай дейтін себебіміз – малдың әрбір тірі салмағы үшін 750 теңге қаражатпен қоса 200 теңге субсидиясы бар. Бұрын әрбір жерден келген келімсектердің көзбен қойған бағасына шетел асқан бұқашықтар бұл жерге келгенде 250-280 мың теңгеге бағалануда. Субсидияға ілігу үшін бұқашықтың жасы 7 айдан 15 ай аралығында болуы қажет. Өзіңіз қара есеппен есептеп қарасаңыз, көзіңіз жетеді. Мысалы, тапсыратын малыңыздың тірі салмағы 250 келі тартса, оны әр келісін 750 теңгеге және әр келіге төленетін субсидия ақшасы 200 теңгеге көбейтіп көріңіз. Нәтижесінде менің есебім бойынша 250 келі бұқа 237 мың 500 теңгені құрады. Ал алыпсатарлар қанша баға береді? Әрі асқанда 170000 теңге. Ойлануға болады. Мұнымен қоса бордақыланып жатқан бұқашықтарды жалға беру де қарастырылған. Жалға алудың өзі үлкен мүмкіндік.
Мал қабылдаудан бастап бордақылау алаңдарындағы барлық жұмыстарды аралап, өз көзімізбен көрдік. Мекеменің мал дәрігері Асланбек Жұмашевтің айтуынша, бір клеткада 100 бұқашық бордақыланады екен. Бордақылау уақыты 6 айдан 9 айға дейін уақытты қамтиды. Күніне орташа есеппен бір бас бұқа 800-1000 грамм салмақ қосуы қажет. Әр клеткадағы малға қанша азық берілетіні арнайы бағдарлама арқылы азық таратушы техникадағы компьютерге жіберіліп, ол техника клеткадағы малға есеп бойынша азық салады. Әр клетка бойында арнайы чип орналасқан. Тұқ етерін айтқанда, бас қатырудың қажеті жоқ. Адам үшін бәрін арнайы бағдарлама есептейді. Бізбен сұқбаттасқан маман мал азығының құрамы туралы да түсіндіріп кетті. Бордақыланып жатқан мал азығы негізінен шөп, сұлы, арпа, сүрленген шөп, сыра түйірлері, кесілген дақыл, жүгері сияқты дақылдардан тұрады. Мұндай азықпен қамтылған малдың 6 айда қандай күйде болатынын ойлап қараңыз. Тек бір әттеген-айы бар дейді мамандар. Ол елімізде ет өнімдерін шетелге экспорттауды уақытша тиым салғаны болып отыр.
Осы сапарымызда біраз мағлұматқа қанығып, шетелдің озық технологиясын біздің ауданда қолданып жатқанына куә болдық. Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін қолға алынған жұмыстардың болашағы зор. Алдағы уақытта «Ет индустриясы» ЖШС мамандандырылған мал бордақылау алаңының жұмысын 20000 ірі қараға жеткізуді жоспарлап отыр.
P.S. Енді ойланайықшы, бұл ірі инвестордың ауданымызға қандай пайдасы бар? Жарайды. Малымызды жақсы бағамен өткіздік, біраз адамды жұмыспен қамтыдық. Сол ғана ма? Бастысы инвестордың табысынан түсетін салық түсімі болмақ. Мал бордақылау алаңының жұмысына қарап, ойша біраз миллионның басын қайтарып тастадық. «Бұл қиялдағы сандар ғой» деп айтуыңыз мүмкін. Дегенмен ауданымызға пайда әкелетін күннің ауылы да алыс емес. Сол күнге жетейік, ағайын!
Қайрат ЖАҚЫП,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер