1.03.2025, 15:00
Оқылды: 183

Казталовта ұжымдар арасында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерттік бағдарламалар өтіп жатыр

9 мамыр – Жеңіс күні аға ұрпақтың сол жанқиярлық ісін ел жадында мәңгі сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл – жалпыхалықтық бірлік пен мызғымастық, бұл – аға-ұрпақ, соның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің бізге мирас еткен баға жетпес мұрасы. Әрқайсымыз үшін жақын әрі қымбат мерекенің бірі – Жеңіс күні десек қателеспейміз. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші соғыста қаза тапқан әрбір батырларымыздың тарих төрінен орын алатыны және ұрпақтары мәңгі жеңіс алауын сөндірмей, Отан үшін от кешкендерді әрқашанда жүрек түкпірімізде мәңгі сақтаймыз.

image-01-03-25-09-09-2

Казталов аудандық мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған аудандық шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығы, Казталов аудандық ветеринариялық станциясы, Казталов аудандық аумақтық инспекциясы, Казталов аудандық ветеринариялық зертханасы, Казталов аудандық жер қатынастары бөлімі, Казталов аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, «РФД және БӘО» РММ Казталов аудандық филиалы ұжымдарының «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты концерттік бағдарламасы өтті.

Сахна шымылдығын жеке дауыста Абат Бақтыгереевпен мекеме қызметкерлерінен құралған хор ұжымы «Бейбіт күн тілегі» (дирижер Өтеген Шоқпанов) әнімен ашты. Аудандық ветеринария бөлімінің қызметкері Абат Бақтыгереев «Қазақстан» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

image-01-03-25-09-09

Оқ пен шарпыған оттың арасында жүріп, ел үшін кеудесін отқа тосқан қаһармандарымыз Жеңіс күнін тағатсыздана күтті. Сол қан майданнан талай боздақтарымыз оралмай, отбасы мүшелері қара жамылды. Сұрапыл соғыстың адамзат баласына салған жарасы аз емес.

Мерекелік шарада патриот сезімге толы поэзия оқылып, «Катюша» әні шырқалып, мекеме ұжымдарының қызметкерлері «Әскери би» биін биледі. Сонымен қатар аудандық ветеринария бөлімі қызметкері Рамиль Латыпов орындауындағы «Смуглянка» әні, аудандық жер қатынастар бөлімінің қызметкерлері мен Гаухар Ажгулова, Индира Акимованың орындауындағы «Синий платочек» әні көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

image-01-03-25-09-09-3

Мерекелік шара Мейрам Мақсоттың орындауындағы «Жеңіс күні» әнімен аяқталды.

Мейірім Парасат
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале