Казталов ауданында жыл санап кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда. Әсіресе, құрылыс саласының тынысы кең. Биылдың өзінде аудан бойынша әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салынып, халық игілігіне беріліп жатыр.
Бүгін Казталов аудан орталығында тағы да бір сауда орнының құрылысы аяқталып, «SHAKUOV» құрылыс материалдарын сататын заманауи дүкені ашылды.
Казталов ауданында тамырын тереңге жайған Шакуовтар әулетін танымайтындар кемде-кем. Бұл отбасыдан тараған ұл-қыздары ауданымызда адал еңбек етіп, елге беделді, сыйлы болып, өздерінің еңбекқорлығымен танылып жүр. Солардың қатарында Самат Шакуов пен ұлы Абылайхан сауда саласында шаруаларын дөңгелетіп отыр. Олар 2016 жылы «Назгүл» жеке кәсіпкерлігін құрып, құрылыс матералдарын сататын база ашқан еді. Енді міне, тыныстары кеңейіп, жаңадан заманауи құрылыс дүкенін ашуда.
Алыстан «мен мұндалап» тұратын «SHAKUOV» дүкеніне келіп, бүгінгі заманға сай үйіңізді жөндейті құрылыс матералдарын сатып алуға болады. Айта кету керек, мұндай жаңа үлгідегі құрылыс дүкені аудан орталығында алғаш ашылып отыр.
Жаңа дүкеннің ашылу салтанатына қатысқан Казталов ауданы әкімінің орынбасары Айдар Менеев, әулеттің құдасы, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев, Шакуовтар әулетінің үлкені, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов жүрекжарды лебіздерін жолдап, кәсіп иелерін, ауыл тұрғындарын құттықтады. Дүкен лентасын қию құрметі ауылымыздың құрметті қонағы, профессор, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев пен ауыл ақсақалы Мақсот Хайрушевке жолданды.
Шакуовтар әулеті игі іс жасап, қайырымдылық жасауда аудандағы кәсіпкерлердің алдыңғы қатарынан көрініп жүр. Кәсіп иесі, аудандық мәслихат депутаты айтулы күні де қалыс қалмай, аз қамтылған бес отбасыға демеуші болды.
Ауылдың абройлы азаматары ашқан «SHAKUOV» дүкені ел игілігіне қызмет етпек.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы