15.03.2023, 15:15
Оқылды: 102

Казталовта жағдай қалыпты, бірақ, қауіп сейілген жоқ

Казталов ауданында ағын судың алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланған болатын.

Казталов (5)

Ауданның басты артериясы саналатын Сарыөзен (Кіші өзен), Қараөзен (Үлкен өзен) өзендері бастау алатын Ресейден 9 наурыздан бастап қос өзенге тасқын су жіберіле бастады.

«Қазсушар» Батыс өңірлік филиалы мамандарының берген мәліметтеріне сүйенсек, Ворфоломеев су қоймасынан Сарыөзенге күні бүгінге дейін секундына 22 текше метр су жіберіліп жатыр. Сарыөзен бойындағы елді мекендердің суға кету қаупі жоқ. Қауіп төндіріп тұрған Қараөзен өзені болып тұр. Соңғы үш күннің мәліметін сараласақ, Ресейдің Преузенский су қоймасынан 13 наурыз күні секундына 110 текше метр, 14 наурыз күні секундына 200 текше метр, 15 наурыз күні 260 текше метр су жіберілуде. Бұдан байқайтынымыз, ағын судың деңгейі өсуде.

Қараөзен бойында орналасқан елді мекендерді тасқын су басу қаупі туындауда. Әсіресе, Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында қауіп басым. Осы мәселенің туындайтынын білген Казталов ауданы әкімдігі жанынан құрылған төтенше жағдайлар жөніндегі шұғыл әрекет ету штабы аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен және Жалпақтал ауылдық округі әкімдігімен бірлесе тиісті жұмыстар атқаруда. Тасқын судың алдын алу мақсатында Қараөзен бойындағы Ғайса, Мәнти, Жиеш, Құлақ бөгеттері аршылып, Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында су кету мүмкіндігі бар көшелердің іргелерін, өзен жағалауларын, дамбыларды көтеру, бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Казталов (6)
Өзен бойындағы судың да деңгейі күнбе-күн өлшеніп, өзен арнасыда судың өсуі динамикасы есептелуде. Атап айтар болсақ, соңғы тәулікте Қайыңды ауылы жанынан өтетін Қараөзен өзенінде судың деңгейі 7 метр 38 см құрап, өзен арнасы 72 см көтерілсе, Жалпақтал ауылында өзен 7 метр 30 см көтерілген. Өзен суы сағат, тәулік санап өсу үстінде. Жағдай қатаң бақылауда. Жалпақтал, Қараөзен ауылдарында ауыл кезекшілік қойылып, қажетті техникалар да тынбай қызмет жасауда.
Қараөзен бойындағы елді мекендерде суға кеткен үйлер жоқ. Тасқын судың алдын алуға Маңғыстау облысынан төтенше жағдайлар басқармасының өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінен 15 қызметкері көмекке келді. Барлық жұмыстың басы-қасында аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков жүріп, жіті бақылауға алған.
15 наурыз күні жағдайды барласақ, ағын су Жалпақтал ауылындағы Автобаза бөгетінен асып ағуда. Жалпақтал-Жаңажол бағытындағы облыстық маңызы бар тас жолдың үстінен су ағып түсуде.

Казталов (2)

Дегенмен екі ауыл арасындағы қатынас үзілген жоқ. Қараөзеннен шыққан суы Шақат өзеніне құйып жатыр. Жағдай қалыпты болғанымен қауіп сейілген жоқ.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Казталов (3) Казталов (1) Казталов (4)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале