Бүгін Казталов аудандық кітапхананың мәжіліс залында Батыс Қазақстан облысының аумақтық референдум комиссиясы төрағасы Әділ Тауфикұлы Жоламановтың төрағалығымен АЭС салу мәселесі бойынша тағайындалған референдумға дайындық мәселелер бойынша кеңесі өтті.
Жиында Батыс Қазақстан облысының аумақтық референдум комиссиясы мүшелері, аудан әкімінің орынбасары, аудан прокуроры, аудандық аумақтық референдум комиссиясы мүшелері, бөлім, мекеме басшылары, учаскелік референдум комиссиясы мүшелері, сонымен қатар басқосуға ауданының прокуроры Бауыржан Бақытжанұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Марс Исатайұлы қатысып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева қатысты.
- 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы" Жарлыққа қол қойды. 6 қазанда болатын жалпыұлттық референдум еліміздің саяси маңызы бар қадамдардың бірі болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, жалпы-халықтық референдум кең, ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын icкe асырудың жарқын үлгісі болмақ. Дауыс берушілердің құқығын сақтай отырып, барлық тараптарға қойылатын талапты қатаң сақтау, - деді БҚО аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділ Тауфихұлы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен 2024 жылдың 6 қазан күні атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум тағайындалды. Референдум арқылы елімізде АЭС салу мәселесі шешілетін болады.
Басқосуда аудандық аумақтық референдум комиссиясынын төрағасы Жанболат Серікқалиұлы маңызды саяси науқанға дайындық барысы туралы айтып берді.
- Барлық референдум учаскелерінде 39 сайлау учаскесінің атауы бар маңдайша, 39 тұрақты және 64 тасымалданатын жәшіктер бар. Учаскелер ішкі және сыртқы ақпараттық тақталармен қамтылған. Аудан бойынша 21 «алтын» орынға билборд орнатылды (Казталов ауылында – 4 дана, Жалпақтал ауылында – 3 дана, әр ауылдық округ орталықтарында – 16 дана). УРК орналасқан мекенжайдың кіре берісіне 40 күнтізбе орнатылып, референдумға шығарылатын мәселе тақырыбы жазылған 410 плакат дауыс беретін үй-жайдағы көрнекі жерге іліп қою үшін таратылды. Ақпараттық сүйемелдеу бойынша аудандық АРК «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына референдум мәселелеріне қатысты 28 ақпараттық материал жарияланды, - деді аудандық аумақтық референдум комиссиясынын төрағасы Жанболат Серікқалиұлы.
- 6 қазанда өтетін референдумға мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жағдай жасалынады. Аудан бойынша мүгедектігі бар азаматтар үшін референдум учаскелерінде кереберісте тұтқалар, пандустар, сондай-ақ басқа да қажетті құрылғылар, әртүрлі тактильді көрсеткіштер, қолжетімділігі ескерілген жасырын дауыс беруге арналған кабиналар және т.б. бар. Мүгедектігі бар азаматтар саны – 127, оның ішінде кресло-арбамен қозғалатындар - 22, құлағы нашар еститіндер - 15, көзі нашар көретіндер - 90. Казталов ауылында орналасқан 3 референдум учаскелері «Инватакси» қызметімен қамтылады, - деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева.
Кеңесте Батыс Қазақстан облысының аумақтық референдум комиссиясы төрағасы Әділ Тауфикұлы аудандық комиссия мүшелерінің референдумға байланысты сұрақтарына жауап берді.
Мейірім Парасат,
Казталов ауданы