Еліміздегі орын алған эпидемиологиялық ахуалға қарамастан халқымыз Наурыз мейрамының куәсі болды. Казталов аудандық мәслихатының VII шақырылым депутаты, жеке кәсіпкер Дулат Рахматуллин аудан жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлады. Кәсіпкердің «Әулет» дүкенінде арнайы ақ дастархан жайылып, ұлттық тағамдарымыз дастарханнан табылып, күй төгіліп, ән айтылды.
Ізгі бастамаға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, аудандық мәслихат депутаттары мен мәдениет майталмандары куә болды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Қалмаханұлы кәсіпкерге ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Ал кәсіпкердің жары Гүлзар Рахматуллина бұл бастаманың жылдағы үрдіске айналғандығын атап өтті.
- Біз халқымыздың ұлы мейрамын атап өту, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында осы бастаманы қолға алған болатынбыз. Сонымен қатар ұлттық тағамдарымызды насихаттау да назарымыздан тыс қалмады. Тек Наурыз мейрамында ғана емес, өзге де мемлекеттік және ұлттық мейрамдарда түрлі бағытта қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрамыз. Ал Наурыз мейрамында аудан жұртшылығына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге тырысамыз. Себебі ұлттық құндылығымыз - ұлттық болмысымыздың айғағы. Халқымызды осынау ұлық мерекемен құттықтай отырып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді, - деді кәсіпкер.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz