Ата-бабамыз аңсап кеткен Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болмады. Егемендікке жету үшін мыңдаған батырларымыз жан тапсырып, азаттық жолында күресті. Біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.
13 желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов «Желтоқсан оқиғасының» куәгерлері Төлеген Сүйінішқалиев, Талапханым Қабдолова, Ділдә Сәрсенованы қабылдады.
- Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын журектен құттықтаймын! Тәуелсіздік — мемлекетіміздің ең басты құндылығы, қастерлі ұғым. Бұл күн — сан ғасырлардан бері ата-бабаларымыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн!
Сіздер ел тарихындағы «Желтоқсан оқиғасының» куәгерлері болып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білдіңіздер. Сіздердің жасаған ерліктеріңіз жас ұрпаққа өнеге. Сіздерге ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әлеуетінің артуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін! Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, шаңырақ шаттығын тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын!, - деп аудан басшысы ізгі ниетін білдіре отырып, қабылдауға келген аға-әпкелерімізге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады.
Қаһарлы қыс мезгіліндегі қанды қырғын көтерілісін өз көзімен көрген желтоқсан куәгерлері сол кезеңді еске алып, естеліктерімен бөлісті. Аудан жұртшылығы атынан құрмет көрсеткен аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлына алғыстарын білдірді.
Мейірім Парасат
Казталов ауданы