Қазталов ауданына келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов Қазталов-Жәнібек-Бөкей орда бағытындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан республикалық жолдың сапасын тексерді.

Бұл маңызды жол Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес 2021 жылы толықтай аяқталуы тиіс.
Қазталов ауылында облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен аталмыш жолға қатысты жиын өтті. Жиынға мемлекет атынан тапсырыс беруші "Қазавтожол" ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов, Қазталов, Жәнібек аудандарының әкімдері, Бөкей Орда ауданы әкімінің орынбасары, жолдың күрделі жөндеу жұмыстарын ұтып алған мердігер "Юнисерв" ЖШС, "Теміржолжөндеу" ЖШС, "Атыраужол" ЖШС, "Ақжолқұрылыс" ЖШС өкілдері, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Әдиетұлы Қазталов-Жәнібек-Бөкей орда бағытындағы жол құрылысына ақша бөлінгенімен, жыл аяғына дейін жөндеу жұмыстары уақытылы жүрмеуіне байланысты бітпей қалуы мүмкін екенін жеткізді. Бүгінде "Юнисерв" ЖШС ғана бөлінген ақшаны игеріп, өздеріне белгіленген жол учаскесінде асфальт төсеу жұмыстарын жасаған. Ал қалған мердігерлер әзірге дайындық жұмыстарымен шектелуде. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары мердігер компанияларға жол сапасына көңіл аударуды сұрады.
- Біз жолды халықтың игілігі үшін жасап жатырмыз. Осы өңірдегі аудандардың тұрғындары жолды көптен күтуде. Сондықтан жол құрылысы сапалы әрі стандартқа сай жөнделуі керек. Егер жол сапасы сәйкесінше болмаса, жөндеу жұмыстары уақытында атқарылмаса жауапты мердігер мекемені заңды түрде жауапқа тартамыз. Ал бұл жағдай қайталанатын болса, заңға сәйкес лицензиясынан айырып, мердігермен қош айтысамыз. Бұл республикалық жол қатаң қадағалауда, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиында сөз алған Талғат Смағұлов келісімшартқа сай жол жөндеу жұмыстарын уақытында атқармаған, тиісті қаражатты игермеген мердігерге тиісті қатаң шаралар қолданылатынын айтып, жолдың құрылысына жауапкершілікпен қарау қажеттігін тапсырды.
Өздеріне тиесілі жол учаскелерінің жөндеу жұмыстарын ұтып алған мердігер компаниялардың өкілдері әртүрлі сылтау айтса, Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев пен Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Біржан Меңешов жолға қатысты аудан тұрғындарының сын-ескертпелерін жеткізді. Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев Чапаев-Жалпақтал-Қазталов күре жолының сапасы төмен екенін, жөндеу жұмыстары өткен жолдың кейбір учаскелері қайта жасалып жатқаны туралы хабарлап, Қазталов-Жәнібек-Бөкей Орда бағытында жолды ұтып алған мердігерлер қыс мезгілінде осы жолды күтіп ұстаса деген ұсынысын білдірді.
Сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары апатты жағдайда тұрған Алма Оразбаева атындағы мектепте болып, қазіргі жағдайымен танысты.
Қайрат Жақып
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер