Жуырда «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Сәкен Ишановпен бірге Көктерек ауылындағы әлеуметтік нысандарға газ тарту жұмысымен таныстық.
Күздің алғашқы айының ортасы болса да нысандар көгілдір отынмен қамтамасыз етілмеген. Тек газ құбырының орындары ғана қазылып, блок-модульдік қазандықтар мен мұндалап тұрды.
Ал 12 қыркүйекте мердігермен сөйлесудің сәті түсіп, «Жылыту маусымында Көктеректегі әлеуметтік нысандар тағы да жылусыз қала ма?» деген сауалымызды қойдық.
– Көктеректе 11 блок-модульдік қазандықтар дайын тұр. Қазандықтардың ішкі жұмыстарының барлығы жасалды. Жылыту маусымына дейін ауылдағы әлеуметтік нысандарға газ тартылып, іске қосылады. Сонымен қатар интернат пен бөбекжайды жылыту жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта қажетті материалдар 85 пайызға жуық жеткізілді. Қазіргі уақытта Көктеректе екі бригада жұмыс жасауда. Жуырда тағы бір бригада қатарға қосылып, жұмыс қарқынын арттыратын боламыз, - деді «Компания Арай-НС» ЖШС филиалының өңірлік директоры Абзал Нұрғали.
Ал аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Радж Шәріпов мердігерге қатысты тиісті шара қолға алынып жатырғанын атап өтті.
– Көктерек, Көмекші, Оразғали, Жұлдыз ауылдарындағы әлеуметтік нысандарды газбен жабдықтау құрылысына 262,5 млн теңге қаражат бөлінді. Жұмыс 2023 жылдың сәуір айында басталды. Аяқталу мерзімі шілде айына жоспарланғанымен мердігер жұмысын уақытында аяқтамады. Қазіргі таңда мердігерді «жосықсыз» деп тану туралы сотқа арыз берілді, - деді бөлім басшысы.
Мердігер жұмысына жауапкершілік танытса қазанда аталған ауылдар мен елді мекендердегі әлеуметтік нысандар жылумен қамтамасыз етілмек.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы