29.07.2020, 10:02
Оқылды: 32

Казталовтағы елді мекендердің "Жедел жәрдем" көліктерін жаңартатын кез келді

Казталовта жанашыр жандар тарапынан денсаулық сақтау саласына қолдау зор. Тарқатып айтсақ, соңғы екі-үш жыл бедерінде Сарықұдық ауылына жергілікті кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаев өз қаражатына фельдшерлік-акушерлік пункт салып берсе, оны әрі қарай Ақпәтерде Хамзиндер, Әжібай ауылында ағайынды Сралиевтер жалғастырды.

C87DBDE5-6CD7-433C-BB35-ECD24692E098

Саланың дамуына мемлекет те мықты көмектесіп жатыр. Әсіресе жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау жұмысы жоспарлы жүргізілуде. Дегенмен бәрі шешілді, бәрі тамаша деп тоқмейілсуге болмайды. Күрмеулі мәселелер қатарында дәрігерлер жетіспеушілігі, медицина мекемелерінің материалдық қиын жағдайы айтылады. Көп ауылда «Жедел жәрдем» көліктері тозып тұр. Мұны Қарасу ауылдық округінің әкімі Асхат Нұржанов та жасырмады.

C744A9B2-A65E-478D-B568-FB2FDDEE916A

- Округ орталығы Жалпақтал ауылынан 80 шақырым, аудан орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. «Жедел жәрдем» көлігі әбден ескірді. Әсіресе қыста, күзгі-көктемгі жауын-шашын кезінде Хамит бөгеті, Қарасу мен Жұлдыз ауылының ортасындағы жолда жиі батамыз. Шалғай ауыл үшін «Жедел жәрдем» көлігінің жүруге жарамды болғаны маңызды, - деді Асхат Талғатұлы.

B446300D-4F22-45E6-A8CB-0F431D5AFF88

Тереңкөл ауылдық округінде де дәл осындай жағдай. Округ орталығы Нұрсайда фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс жасайды. Мұндағы «Жедел жәрдем» бұрын Қараоба, Бостандық ауылдық округтерінде болған ескі көлік екен. Округке қарасты Мереке және Беспішен ауылдарында медпункт бар. Дәрігердің жоқтығына байланысты оларға фельдшерлер барып, ем шараларын жүргізіп тұрады. Көлік жүргізушісі Әділжан Жүсіповтің айтуынша, мәшиненің құр қаңқасы қалған. Науқасты ауруханаға жеткізудің өзі мұң. Шіріп кеткен кузовынан шаң кіреді. Жүруінен тұруы көп. Бұған тұрғындар да наразы. Сол себепті қариялар, жүкті әйелдер, сәбилер ауыра қалса көбіне жеке көлікпен кетеді немесе такси жалдайды. Мереке мен Тереңкөлдің арасындағы жолдың өзі бір бөлек мәселе. Қараоба ФАП-ындағы көліктің де тек «Жедел жәрдем» деген аты ғана. Өткен жылы Талдықұдық, Ақпәтер ауылдық амбулаторияларына және №1 аудандық ауруханаға жаңа «Жедел жәрдем» көліктері табысталып, тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Алайда шалғай округтерде жағдай жаңағыдай. Адам өмірін сақтап қалу кейде минут, сағатпен есептелетінін ескерсек, «Жедел жәрдем» көліктері бәріне сақадай сай болуы қажет. Жоғарыда айтқандай аяғы ауыр әйелді қыстың қақаған суығында, жаздың аптабында тозған көлікпен жүздеген шақырым жерге жеткізудің өзі қауіпті. Рас, ауданда ондай оқыс оқиғалар тіркелмеді. Алайда жаман айтпай, жақсы жоқ демекші, мәселенің алдын алғанымыз абзал ғой.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елді індет жайлағанда медицинаға үлкен бетбұрыс жасау қажеттігін атап өтті. Ендеше, шалғайда орналасқан аудандарға қарасты елді мекендердегі «Жедел жәрдем» көліктерін жаңартатын уақыт келді.

 Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале