20.11.2019, 10:08
Оқылды: 87

Қазталовтағы құрылыс сапасын тексерді

Қазталов ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов келді.

Qaztalov (2)

Облысымыздағы энергетика, құрылыс, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары саласын қадағалайтын басшы аудандағы құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.

Облыс әкімі орынбасарының алдымен Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылындағы 60 орындық орта мектептің құрылысымен танысты. Бұған дейін Сарықұдық ауылындағы мектеп апатты деп табылып, 60 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалған еді. Биыл қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізуді қызылордалық «Реалстройинвест» ЖШС ұтып алды. Мердігер мекеме болашақ мектептің іргетасын құйып үлгерген. Құрылыс басына келген Теміржан Әдиетұлының назарына Қарасу ауылдық округінің Жұлдыз ауылындағы 108 орындық орта мектептің сызбалары да таныстырылды. Жұлдыз ауылындағы мектептің апатты жағдайда екені белгілі.

Qaztalov (4)

Аудан әкімі Альбет Есалиев қос мектепті салу арқылы ауылдардағы клуб, шағын орталық сияқты өзекті мәселелерді шешуге болатынын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Жалпақтал ауылына ат басын бұрып, ауылдағы 2 қабатты 12 пәтерлік үйдің құрылысын көрді. Биыл аудан орталығы Қазталов пен Жалпақтал ауылдарында 12 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталды. Жалпақталдағы үйдің құрылыс жұмыстарын «Қазақстангиготрейд» ЖШС атқарып жатса, аудан орталығындағы нысанның құрылысын «Батыскотломонтаж» ЖШС жүргізуде. Екі ауылдағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Жақын арада кезегін күткен ауыл тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілті тапсырылады.

- Ауданда биыл біраз құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ең бастысы – құрылыс сапасына назар аударуымыз керек. Әсіресе, қоғамдық бақылау, тапсырыс беруші мекеме тарапынан мердігерге деген талапты күшейтіп, ауыл тұрғындарына сапалы нысандар тапсыру қажет,- деді Тимуржан Әдиетұлы.

Мұнан кейін облыс басшысының орынбасары Жалпақтал және Қараөзен ауылдарына таза ауыз су айдап тұрған су тазалау станциясында болды. Осы жерде Бөкей орда ауданының Ұялы ауылы маңындағы жерасты су көзінен тартылатын Қазталов ауданы елді мекендеріне сапалы ауыз су тарту жобасымен танысты. Сонымен бірге апатты жағдайда тұрған Жалпақтал колледжінің жатаханасы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Жалпақтал полиция бөліміне кіріп шықты.

Облыс әкімінің орынбасары Жалпақтал ауылдық округі әкімі аппаратында Батыс Қазақстан энергетика басқармасының мамандары және ауданның елді мекендеріне көгілдір отын тартып жатқан «Әлиясервис» ЖШС-ның өкілдерімен кездесіп, атқарылған және жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат алды. Бүгінгі таңда ауданның 41 пайызы газбен қамтылған болса, жыл аяғына дейін Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз және Серік, Сарықұдық, Қайшақұдық, Талдыапан, Қособа ауылдарында көгілдір отын жүйесі қосылмақ. Бұл жұмыстарды мердігер «Әлиясервис» ЖШС жыл аяғына дейін аяқтаймыз дейді. Ал мұнымен қоса мердігер мекеме Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейстерек ауылдарына көгілдір отын тарту жұмыстарын бастаған. Алдағы жылдары Көпкүтір, Аққурай, Хайруш бағытында, Саралжын, Қызылту, Қаракөл, Сексенбаев, Мереке ауылдарымен қатар Сатыбалды, Бостандық, Ащысай, Жас, Танат және Әбіш, Еламан, Саралжын (Киров) елді мекендеріне көгілдір отын апару үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын. Тиісті қаражат бөлінсе, бұл жоспарлы жұмыстар да шешімін табады.

Облыс әкімі орынбасарының аудандағы жұмыс сапары жалғасуда.

Қайрат Жақып

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале