7.06.2024, 22:00
Оқылды: 91

Казталовтан Сырымға 79 бас мал келді

Сырым ауданындағы су тасқыны тұрғындарға әрқилы зардап әкелді. Баспанасы суға кеткені өз алдына, малы қырылған үйлер де бар. 

InShot_20240607_200755475

Бүгін Сырым ауданына Қазталов ауданынан “тірі аманат” жетті. Аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар табындарынан сиыр, үйірлерінен жылқы бөліп, Сырым ауданындағы малы шығынға ұшыраған ағайынға жәрдем ретінде аттандырыпты. Қосөзен елінен шыққан қос жүк көлігі Жымпитыға жалпы саны 79 бас мал әкелді.

- Сырым ауданындағы су тасқынының зардабын жүрекпен сезіндік. Салған үйіңді, баққан малыңды бір сәтте су шайып кеткенді көруге де сабыр керек. Қазақта “басына бас” деген сөз бар. Малдың құнын мал өтейді. Сондықтан, шығынын сәл де болса жапсын деген ниетпен Қазталов ауданынан 22 бас ірі қара, 7 бас жылқы, 50 ұсақ мал келді. Қабыл алыңыздар! - дейді

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев.

IMG_1735

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, “Ерқожа” шаруа қожалығының иесі Самат Хасанов:

- Наурыздың аяғында Жымпиты мен Бұлдырты суға кеткенін естідік. WhatsApp желісіндегі “Қазталов мал шаруашылығы” тобында жігіттер жақсы бастама көтерді. Сырымдық ағайынның еншісін малымыздан сол кезде бөліп қойдық. Жол түсіп, бүгін келдік! - деп толықтырды әріптесінің сөзін.

“Жылы жүрек, жомарт қол!” ұранын көтерген азаматтар қатарында Қазталов аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, “Абай” шаруа қожалығының жетекшісі Серік Жұмабаев бар.

Жарты мың шақырымнан жылу алып келген қосөзендік шаруалардың жомарттығына еріксіз сүйсінесің. Сүйсініп тұрып, малы суға кеткен ауылдасына Сырым ауданының қожалықтары неге осылай жәрдем бермеді екен деп қынжыласың?!

Айтпақшы, бұл Қазталовтан шыққан бірінші керуен емес. Бұған дейін “жылы жүрек, жомарт қолдың” иелері Қаратөбе ауданына 5 жылқы 23 бас ірі қара, 46 бас қой - ешкі апарып берді.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале