Келес жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы тойланбақ. Қазір сол майдангер ұрпақтың ерлігін ұлықтау мақсатындағы түрлі шаралар басталып та кетті. Осының айғағындай Ресейдің Саратов облысына қарасты Александров-Гай ауданында тыл және еңбек ардагерлері арасында «Битва ветеранских хоров» атты жыр фестивалі өтті.
Осынау айтулы шараға татулық пен бірліктің туын биік ұстаған Қазталов ауданы ардагерлерінен құрылған хор да қатысты.
IV кезеңге ұласқан жыр фестивалінде жерлестеріміз «Катюша», «Кестелі орамал», «Тәуелсіз елім - Қазақстан», «Мен сіздерді іздеймін» атты патриоттық-әскери әндерді керемет орындап, ресейлік көрерменнің қошеметіне бөленді. Бұл фестивальде Саратов облысының Александров-Гай, Питерск, Новоузенск аудандарынан келген ардагерлер де біздің жерлестермен қатар бақтарын сынады. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен фестивальдің ІІ дәрежелі дипломымен Новоузенск, Александров-Гай аудандарынан қатысқан ардагерлер хоры марапатталса, І дәрежелі диплом Питерск және Қазталов ауданының ардагерлерінен құралған хор мүшелеріне табысталды. Сондай-ақ марапаттау рәсімінде Қазталов ардагерлер хорына Ресей Федерациясының Қарулы Күштері жанындағы офицерлер қауымдастығының алғыс хаты және хордың көркемдік жетекшісі Нұрия Хабибуллина мен Қазталов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішевке Александров-Гай ауданы әкімшілігі атынан алғыс хат берілді.
Ауданда құрылған ардагерлер хорын Ресей жеріне бастап барған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ернар Ғалымов осындай шара ұйымдастырған алғайлықтарға алғысын білдіріп, ұйымдастырушыларға Қазталов ауданының әкімі Альбет Есалиевтің атынан алғыс хат табыс еткенін де айта кетелік.
Екі елдің арасында өткен бұл фестиваль Ұлы Жеңістің Гиміне айналған «День победы» әнімен аяқталды.
Қайрат Жақып
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер