Бүгін Казталов ауданы орталығындағы спорт кешенінде ауылдың құрметті тұрғыны, ішкі істер органының ардагері, полиция подполковнигі Батырхан Байқонақовтың 65 жас мерейтойына арналған шахмат және дойбы жарысы өтті.
Өнегелі ғұмырын ел игілігіне арнаған Батырхан Қайырханұлының өмір жолы мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін зор үлгі-өнеге болып табылады. Оның құқық қорғау саласындағы, мемлекеттік қызметтегі атқарған игі істері – жастарға күш-жігер мен сенім беретін маңызды сабақ. Ел ағасының есімін дәріптеу, оның өмірі мен еңбегін насихаттау – кейінгі буынға патриоттық тәрбие берудің жарқын көрінісі.
Мәдени-спорттық шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, БҚО полиция департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы Еділхан Жұмашев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов қатысты.
Жарыс 50-70 жас аралығындағы аудан тұрғындары арасында өтті.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, Батырхан Қайырханұлын мерейлі 65 жасымен құттықтап, құттықтау хат пен иығына шапан жапты. Сонымен қатар Казаталов ауылдық округі әкімі Ернар Ғалымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Ғабділханұлы құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады. БҚО полиция департаменті ардагерлер ұйымының төрағасы Еділхан Нұртазаұлы Батырхан Байқонақов құттықтау хат табыс етті.
Дойбы жарысы бойынша І орынды Карим Хаиров иеленсе, Мажит Шамсудденов ІІ орынға, Талғат Газизжанов ІІІ орынға ие болды.
Шахмат жарысы бойынша нәтижелі ойын өрнегі көрсеткені үшін Қайырбай Алтаев І орынға ие болса, ІІ орынды Амантай Жолдыбаев, Жаслан Неталиев ІІІ орынды қанжығаларына байлады.
Жарыс жеңімпаздары кубок, медаль және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Жарысқа белсене қатысқан барлық қатысушыларға естелік сыйлық табысталды.
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы