Казталов ауданында еңбегімен еленген жандар көп. Ауданымыздағы ең шебер дәнекерлеуші Қоныс ауылында тұратынын біреу білер, біреу білмес?! Шебердің қолы — алтын. Темірді түйген Ерлан Ақболатовтың бүгінде алдына түсер дәнекерлеуші жоқ.
Жас күнінен кәсібінің қыр-сырын меңгерген маманды аудан ғана емес, облысқа дейін мойындаған. Ерлан жасаған темір есіктер мен қақпалар, басқа да дүнелерде есеп жоқ. Шебердің қолынан шыққан заттың сапасын көрсеңіз, зауытта жасалғаннан кем емес. Ол ешқашан бос болған емес.
Әркез бір жұмыстың басында жүргені. Тұрақты жұмысы болмаған кезде де Ерлан «жұмыс жоқ» деп қарап жатқан жоқ. Сол кезде ауылда жұмыссыз жүрген азаматтардың басын біріктіріп, мекемелерден қосымша жұмыс алып, біреуге шарбақ, біреуге қақпа ал біреуге есік жасап беріп жүрді. Ол бастаған азаматтар аудандағы біраз құрылыс жұмыстарына да барып, аянбай еңбек етті, қолтаңбаларын қалдырды.
Ерланды алғаш тануымыз Қоныс ауылында болды. Осыдан тоғыз жыл бұрын ауыл азаматтары туған ауылдарына балалар ойын алаңын салып берген болатын. Сол жанашыр жомарттардың ішінде Ерлан да болатын. Ойын алаңына қажетті дүниелер Ерланның өз қолымен жасалды.
Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан Ерлан аудандық газ шаруашылығы мекемесінде дәнекерлеуші болып қызмет атқарады.
—Мен мектеп бітіргесін Жалпақтал ауылындағы кәсіптік колледжге түсіп, электр дәнекерлеуші мамандығын алып шықтым. Сол кезден бастап металлмен жұмыс жасаған ұнай бастап, дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырын үйрендім. Негізгі жұмыс тәжірибемді вахталық жұмыста жүріп шыңдадым. Еліміздегі мұнай, кен орындарында дәнекерлеуші мамандығы жоғары бағаланады. Соған сай жалақысы да төленеді. Дегенмен, зияндылығы да басым,-деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Табиғатынан аңқылдаған Ерлан бауырымыз ата-анасының қара шаңырағында Қоныс ауылында тұрып жатыр. Өмірлік жары Анар екеуі отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде. Айтпақшы, Ерлан өз үйінің ауласынан жаңа баспана салып жатыр. Жуырда қоныс тойын тойламақ. Бұл да бір еңбекқор азаматтың маңдай терімен тапқан адал нәпақасының жемісі деп білейік!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы