Үйіміз бір бағытта болғандықтан апайды күнде көремін. Қолына шаңғының таяқшасын ұстап, таңертең кетіп бара жатады. Шаңғы таяқшасын ұстағасын аяғында шаңғы болуы керек қой. Бірақ аяғында шаңғы жоқ. Оның үстіне жаз мезгілі. Бір күні әуестікпен "Бұл қандай жүріс?" деп ойлап, апайға жолықтым. Гүлжиян Исмагулова ұзақ жылдар білім саласында қызмет еткен. Бүгінде зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді.
Енді негізгі әңгімемізге көшейік. Гүлжиян Ғарифоллақызы: – Бұл шаңғы таяқшасын ұстап жүруімнің себебін түсіндірейін. Бұны «Скандинавская ходьба» деп атайды. Спорттың бір түрі. Негізі сонау Финляндия елі жағынан тараған. Менің қолыма бұл спорт түрінің арнайы таяқшасын ұстап жүрмін. Бұл таяқшаны пайдалану адам денсаулығының жақсаруына үлкен әсер етеді. Мәселен, стресті түсіреді, жүрек-қан тамырларының қалыпты жұмыс жасауына, қимыл-қозғалысты арттыруға, ми қызметін реттеуге, қан айналымын жақсартуға және тағы басқа да денсаулыққа тигізер пайдасы көп. Осындай спортпен айналысу бүгінгі күнде түрлі демалыс, шипажай орындарында да кеңінен етек жайып келеді. Жалпы бұл таяқшаны күн сайын кем дегенде 20 минут пайдаланған жөн. Мен былтыр «Ақжайық» шипажайында тыныққан кезімде осы спорттың түрін көріп, қызығушылығым оянды. Бұрын ауданда Тауфих Мұқанов ағамыздың қолына таяқ ұстап жүргенін көретінмін. Енді өзім былтырдан бері кәсіби тұрғыда айналысып жүрмін. Бүгінде осы спорт түрімен шұғылданатындардың қатары көбейіп келеді. Еңбек ардагерлерінен бастап, жастар да қатарымызды толықтыруда. Бұл – өте қуанышты жағдай, – деп әңгімелеп берді.
Иә, расында, Скандинавтарша жүрумен шұғылданып жатқан ауыл тұрғындарының қарасы көбеюде. Шыны керек, жасы үлкен адамдардан "аяғым сырқырайды", "басым айналады", "жүріп-тұра алмаймын", "қарттық жетті ғой" деген әңгімелерді жиі естиміз. Егер олар да Гүлжиян ападай спортпен айналысса, айналамызда дені сау адамдар көп болар еді. Елімізде адамдар арасында бұқаралық спорттың жандануы – осындай үрдістерден көрінеді деп білеміз.
Диана Бақсық,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер