Мал баққан ата-бабамыз тұрмыс-тіршілігінде қойдың терісі мен жүнін көбірек пайдаланып, киім қылып, төсеніш қылып, баспанасын сонымен жауып, барлық керегіне жарата білген. Бүгінде сол жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде шашылып жатыр.
Жайлауы малға, қорасы қойға толы қазақ атамыз жүнді қажетіне қашан да жаратып отырған. Алайда мән бермедік пе, көңіл қойылмады ма, соңғы жылдары ауыл арасында жүнге деген көзқарастың өзгергені анық. Тіпті, қазіргі қазақ әйелдері қара базардағы «китайский» дүниеге әуестенген шақта ақпәтерлік қолөнер шебері Ақгүл сол шашылған жүндерді пайдаға асырып, кәдеге жаратуда.
Ақгүл Харесова кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының II бағыты шеңберінде қайтарымсыз 530,2 мың теңге грант алып, ойланбастан ойда жүрген кәсібін қолға алды. Гранттың қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасауда. Оған қоса қыздың жасауына оюлы, сырылған көрпелерді арнайы тапсырыспен тігеді.
– Ел қазір шетелдік фирманың арзан тауарын алып тұтынады. Ал оның бағасы шарықтап тұр. Жүн – табиғи өнім, қазақтың тұрмысқа қажетін толығымен өтейді. Экологиялық жағынан да адам денсаулығына пайдалы. Соңғы кездері тұрғындардан да тапсырыстар жиі түсуде. Әлбетте біз қанымызға сіңген қазақы дүниелерді жасауды ұмытпауымыз керек. Біз өз тарапымыздан жеке кәсібімді ашып, жұмыссыздықпен күресемін деген жанға қолдау білдіретінімізді жеткізгіміз келеді, – дейді қолөнер шебері.
Кәсіпкердің дүниелерін көріп, мал жүнінің құны жоғалмағанына көзіміз жетті. Еңбекқор Ақгүл апайдың қолөнерге деген құлшынысын бағалай отырып, кәсібінің кеңге құлаш жаюына тілекшіміз.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер