Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуды мақсат тұтып, ауыл-елдегі талантты балалардың қабілетін дамытуды көздеген 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы орта білім беретін пәндер бойынша ІІ республикалық олимпиада өз мәресіне жетті.
Ел Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында республикалық олимпиадаға қатысып, одан үлкен жүлдемен оралған казталовтық дарынды оқушылар аудан мен алтын ұя мектептерінің абыройын асқақтатып, беделін биікке көтерді.
Қоғамдық гуманитариялық бағыт бойынша өткен республикалық олимпиадаға Казталов ауданынан жеті оқушы қатысып, бір оқушы І, екі оқушы ІІ, екі оқушы ІІІ орын алып, тағы да екі оқушы арнайы «Алғыс хат» иегері атанды.
Республикалық олимпиада жеңімпазы мен жүлдегері атанған оқушылардың есімдерін атап өтсек:
І орын — Саида Абухан 11 сынып оқушысы (Кенжебек Меңдәлиев атындағы ЖОББМ), жетекшісі Жұбай Диана Азаматқызы.
ІІ орын — Дана Тапалова 9 сынып оқушысы (Алма Оразбаева атындағы ЖОББМ), жетекшісі Сармалаева Ботагөз Мұсабекқызы.
ІІ орын — Мәлика Қуаныш 11 сынып оқушысы (Көктерек ЖОББМ), жетекшісі Жәрдемова Айсәуле Бауыржанқызы.
ІІІ орын — Матхат Рашидов 10 сынып оқушысы (Ғинаят Молдашев атындағы ЖОББМ), жетекшісі Қарасаева Айнагүл Маратқызы.
ІІІ орын — Шыңғыс Сағындық 11 сынып оқушысы (Қараөзен мектеп-лицейі), жетекшісі Сағидуллин Уәлихан Ерғалиұлы.
Алғысхат — Альмира Ғазизова 11 сынып оқушысы (Казталов мектеп-лицейі), жетекшісі Өтегенова Нәбия Төлегенқызы.
Алғысхат — Марал Бөкебай 11 сынып оқушысы (Ғали Бегалиев атындағы ЖОББМ), жетекшісі Айтқалиева Дариға Қабдолқызы.
Міне, Казталов ауданы мен облысымыздың өзге де өңірлерінен республикалық олимпиадаға қатысқан осындай дарынды оқушылардың арқасында Батыс Қазақстан облысына «Ең үздік олимпиадалық команда-2024» атағы салтанатпен табыс етілді.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы