Казталов ауданында биылғы жылдың қуаңшылығы салдарынан мал азығының бағасы шарықтап тұр. Ол бағаны реттеудің өзі оңайға түспесі анық. Себебі, ауданда сатылып жатқан шөптің дені көршілес аудандардан тасымалдануда.

Дегенмен, мәселені жергілікті жерде шамасы келгенше шешіп жатқандар да жоқ емес. Соның айғағындай, Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Дәурен Ашихов Нұрсай ауылындағы осал топқа жататын отбасыларға жанашырлық танытып, арзан бағамен шөп түсіріп берді.
Бәрін басынан бастасақ, ауыл әкімінің ұйымдастыруымен округтегі шабындық жерден «Мұрагер» шаруа қожалығына шөп шабуға рұқсат берген. Нәтижесінде Сәтжан Какимов жетекшілік жасайтын шаруашылық шөпті шауып, дайындап, ауылдағы 8 отбасыға әр бумасын (руллон) 7000 теңгеден жеткізіп берген. Әр отбасыға 13 бума шөп түсірілді. Осындай игі іске мұрындық болған ауыл әкіміне және шаруа қожалығына ауылдастары дән риза.

Расында ауа райының қолайсыздығы, күннің жаманы да кетер, бірақ, ағайынның татулығы мен бірлігіне сызат түспесін дейік!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы