Елімізде заманауи құрылғыларды ауыл шаруашылығында қолдану соңғы жылдары кең көлемді үрдіске айналуда. Əсіресе, шабындық пен жайылым жерді "электр бақташы" құрылғысымен қоршау біздің Казталов ауданына да жетті.
Күн санап жаңа технологияны пайдаланып отырған шаруашылықтар саны артып келеді.
Талдыапан ауылдық округіндегі "Асқар" шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Аябалиев алғашқылардың бірі болып "электр бақташының" пайдасын көруде.
Асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған Дархан бірінші кезекте - мал бағуды жолға қойды. Оның жайылымдық жерлері жанында басқа шаруа қожалықтары орналасқандықтан, малдың көрші шабындық, егістіктерді бүлдіріп, ауру малмен араласып, ауру жұқтыру қаупі жоғары болған.
Бақташы қаншалықты сақ болса да үлкен табынды басқару қиын, сондықтан шаруа "электр бақташыны" қондырған. Құрылғы күн сәулесінен қуат алады, бұл тиімді, үнемді әрі қауіпсіз.
Шаруашылық бүгінде 20 шақырымдай аумақты сыммен қоршап, электр қуатына қосқан. Нəтижесінде шабындыққа бөтен мал түспей, қолдағы ірі қара арнайы сым шарбақпен қоршалған жайылым жерден басқа жерге кетпей бір жерде жайылады.
Құрылғы күн сəулесінен қуат алып, 40 шақырымға созылған сым шарбақты электрмен қамтиды. Арнайы қорапшада орналасқан құрылғыдан 12 вольт тоқ тарайды. Бұл адам мен малға да қауіпсіз. Сымға сүйкеніп, тоққа соғылған мал қайтып жоламайтын көрінеді. Жаңа технологиялар шаруаға жақсы қолқанат болған. Мал тәулік бойы жайылымда, сәйкесінше артық күш жұмсамай өздігінен салмақ қосады.
Қараөзендік Жасұлан Темірханов та өз шаруасында "электр бақташының" көмегіне сүйеніп отыр. "Жайлау" шаруа қожалығын басқарып отырған Жасұлан ауылда көпжылдық, суармалы шөп егуді бастап жатыр. Егістікке мал түсе бергесін шаруа "электр бақташы" құрылғысын сатып алып, 100 гектар жерді бойында электр тогы жүріп тұрған сыммен қоршаған.
Əзірге егістікте жоңышқа егіп көрген шаруа екпелі шөптің шығымы жаман емес дейді.
"Электр бақташының" тиімділігін аудандық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов та растап отыр.
- Бүгінде шаруаларымыздың жаңа технологияларды ауыл шаруашылығында пайдалануы қуантарлық жағдай. Соның ішінде "электр бақташы" құрылғысын пайдалану - малдардың араласуын шектеп, шабындықтардың тапталмауына жəне əртүрлі даулы жер мəселесінің туындамауына тиімді. "Электр бақташы" құрылғысын сатып алып, кəдесіне жаратқан шаруалар үшін мемлекет тарапынан субсидия төлеу қарастырылған. Бұл құрылғынының тиімділігі мен пайдасын шаруашылықтар арасында кеңінен насихаттауымыз қажет, - дейді Сергей мырза.
Расымен, елімізде цифрландыру реформасы жүріп жатқан кезде заманауи, жаңа технологияны пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласының біраз мəселелерін шешуге болады.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы