5.08.2019, 11:17
Оқылды: 67

Қазталовтық шенеуніктер «Book Reаd» жобасын қолдауда

Қазталов ауданы әкімі аппаратының мамандары «Book Reаd» жобасына белсенді үн қосуда. Аудан әкімі аппаратының басшысы Айбек Жаншаұлының қолынан Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" кітабын байқап қалдық.

Book Reаd

- Бұл жобаны біз сәуір айынан бастадық. Жобаның мақсаты - қоғамдық жұмыс орнында жасайтын қызметкерлердің жұмыстан бөлек уақытта әртүрлі жанрда кітап оқып, бір-бірімен бөлісуі болып табылады. Жаңа бастама қарқынды түрде дамып келеді, - дейді аппарат басшысы.

"Бұл бастама арқылы көптеген кітаптармен таныстық, үнемі жаңаны іздейміз, басқалармен бөлісуге асығамыз. Ауданымыздағы кітапханамен тығыз байланыстамыз. Қызметкерлердің кітап оқуға деген ынтасы молырақ. Әсіресе, тарихи және психологиялық тақырыптардағы кітаптарға көбірек ден қоюда. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» туындылары талқыланды", - деген бірыңғай персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Айша Әбішеваның пікірі бізді қуантып тастады.

Kaztalov

Жұмыс уақытынан тыс кезде жиналыс залында барлық қызметкерлер өздері оқыған кітаптарын алып келіп, оқыған әдебиеті туралы жалпы түрде 5-10 минут баяндайды. Бір ерекшелігі: кітаптар қайталанбайды және екі тілде оқи береді. Уақытты тиімді пайдалану үшін, қоғамдық мекемеде жұмыс жасайтын қызметкерлер қазіргі заман талабына сай электронды әдебиеттеді ғаламтор желісінен жүктеп оқиды.

Бақылау және қаржы-шаруашылық жұмыстар бөлімінің бас маманы Жұлдыз Асхатқызы: «Жұмысымызды атқара жүріп, «Book Reаd» жобасы арқылы көбірек ізденуге тырысамыз, кітапханамен байланыстамыз, кейде электронды түрде оқып аламыз. Соңғы рет оқығаным Л.Толстойдың "Война и мир" деген кітабы. Көбінесе мотивациялық және психологиялық шығармалар жақсы. Ойың өзгереді, проблемадан шығу жолын шығармадағы сюжеттермен байланыстырасың, өмірмен ұштастырасың, шаршағанда демаласың»,- деп жобаның пайдасы жөніндегі өз пікірін жеткізді.

кез келген адамның, соның ішінде басшылық қызметте жүрген шенеуніктердің өз ойын еркін жеткізіп, көсіле сөйлей білуі үшін кітап оқып, тілін дамытудың әсері мол болмақ. Рухани азығы мол бастама басқа да мекемелер тарапынан қолдау табарына сенім мол.

Диана БАҚСЫҚ

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале