3.09.2020, 10:32
Оқылды: 132

Казталовтық тұрғын 40 мың құрттан көрген пайдаға баспана салды

Қазталовтың Сарықұдығына барар жолда танауыңды қытықтаған көк шөп пен мал қиының көңірсіген иісі де қазақы елден хабар берді. Біздің ойымызды осы ауылдың тындырымды тірлігі сейілткендей болды. Ауылдың берекесін кіргізіп отырған да қорадағы осы көңірсіген қидың иісі. Ауыл халқы төрт түліктің тұяғын тең ұстап, пайдасын көруде. Мал өнімін ысырап қылмай, пайдаға асыруда. Мұның дәлелі – Дулат, Әлия Ниетқабыловтар 5 жылдан бері құрт бизнесін дөңгелетіп отыр. Тағамдық құндылығы өте жоғары ауылдың «Рафаэллосы» деп осыны айт. Бұл жас отбасы айтарлықтай үлкен цех ашпаса да қорасындағы жиырма шақты сиырын сауып, одан айран ұйытып, сүзбе сүзіп, сары майын жинап, нәпақаларын табуда.

Kurt (3)

Не бәрі 20 жастарында отау құрған Дулат пен Әлия 14 жыл ата-аналарымен бірге тұрады. Жаңажолдық Әлия жас болса да үй шаруасын ширатып, ене институтынан тәлім алған. Ал үйдің кенжесі Дулат әкесі Сағынгерейдің шаруашылығын жалғастырып, ағаларымен бірге ерінбей еңбек етті. Сөйтіп, екі жас Сағынгерей әкесі мен Нұржамал ананың ақ батасымен өз алдына отау тігіп, бөлек шығады. Алақандай ауылдың орталығынан қаладағыдай ауласы ат шаптырым зәулім үй тұрғызды. Ең қызығы аталған зәулім үй оңай ақшамен емес, маңдай термен, адал еңбекпен салынды.

Kurt (4)

Қора-қора мал болмаса да қолдағы барды бағалап, маңдай терлерімен бақыттың кілтін тапқан еңбекқор жандар, күніне 30-40 емес, 300-400 құрт жасайтын Ниетқабыловтарды қазақы өнімнің нағыз қожайыны дерсіз! Бұның сыртында сүт өнімдерінен май, қаймақ, ірімшік жасалады. Ойлай беріңіз, мұның бәрі қаншалықты еңбекті қажет ететінін. Құрт жасаудың шеберіне айналған отбасынан бұл істің құпияларын да сұрап алдық.

– Жолдасым екеуміз таңғы сағат бесте тұрамыз. 20 сиырды сауып біткенше біраз уақыт болады. Содан оларды өріске жіберіп, кейін сүтті пісіріп, құрттың қамына кірісемін. Құрт жасау оңай шаруа емес, тынбайтын еңбекті талап етеді. Құрт жасап шығару үшін алдымен сүзбе дайындалады. Оны дайындау үшін сүтті пісіріп аламын. Мұнан соң ол айран етіп ұйытылып, күбіде піседі. Бетіне қалқып шыққан майды алып, кейін оны қазанға қатты ысытамыз да қалтаға салып қоямыз. Құрт жасау процесі күнбе-күн дəл солай қайталанады, – деді қайнаған тірліктің ортасында жүрген Әлия. Қарап отырсақ, ауыл өмірі осындай тынымсыз тірлігімен тамаша ғой. Тек әйел адамның ісі деп міндеттеп қоймай, Әлияға қолғабыс болатын Дулаттай азаматы, 6 перзенті бар. Сондықтан да болар өздері армандаған үйге 6 айдың ішінде қол жеткізді. Күндіз-түні тынбай еңбек еткеннің арқасында мол табысқа кенелді. Төрт түліктің қыр-сырын меңгерген Дулат аға уақытының көбін қорасында өткізеді. Ата кәсібімізді жалғап, қорасын малға, үйін аққа толтырған ағамызды әңгімеге тарттық.

– Аталарымыз қасиетті төрт түлік мал бағып, өздерінің адал астарын тапқан адамдар. Ақша табамын деген жанға жұмыс көп. Маңыздысы – ниет пен ынта. Өзім әкемнің шаруа қожалығында жұмыс жасаймын. Бүгінде шаруашылықтың тірлігі тым тәуір алға жылжып келеді. Біраз жыл ата-анаммен бірге тұрдым. Сол сәтте балаларымды асырауға қосымша табыс көзі қажет болды. Басты мақсат – ұлттық өнімімізді дамыту еді.

Құрт жасап, табыс тауып келе жатқанымызға бес жылдан асты. Қазір қолдан арнайы қондырғы жасадым. Балаларымыз да бізге қолғабыс болуға тырысады. Өмір бойғы еңбектен жинақтаған тәжірибемді балаларымның қабыл алғандығы қуантады. Қазіргі таңда бұл бастаған ісіміз үлкен кәсіпке айналып келеді. Болашақта Қытайға аппаратқа тапсырыс беріп, кәсібімізді одан әрі дамыту ойымызда бар. Өнім көктем уақытында қайнайды. Сүт көбірек шыққан сайын құрт та көбейеді. Сол уақытта қып-қызыл жұмыс болса, содан кейін саябырлайды. Айына тек құрттың өзінен 200 мың теңге табыс тауып, түскен қаржыны құрылыс материалдарына жұмсап отырдық. Бір айда 5000 құрт Орал қаласына жіберіледі. Басқа қалаларға да тарату ойымызда бар, – деп жоспарымен бөлісті Дулат аға.

Kurt (5)

Терлеп тапқан табысқа еш нәрсе жетпейтіні анық. Ниетқабыловтардың бұл ісі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетіндерге үлгі. Қазақтың сол баяғы жомарт мінезі мен қонақжай қалпы Дулат пен Әлияның бойынан жоғала қоймаған. «Шіркін, ауыл деген берекелі бесік қой» деп осы отбасыға қарап айтуға болар.

 

Жұлдыз Асқар,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале