Шыңғырлау ауылы – Ақсай қаласы бағыты бойынша ұйымдастырылған 6 күндік туристік жорық сәтті аяқталды. Барлығы 132 шақырымды еңсерген қатысушылар арасында Казталов ауданының туризм орталығының ұстаздары да болды.

Тұрғындар мен жастарға үлгі боларлық бұл жорық табиғат аясында өткізілген тәжірибе алаңына айналды. Қатысушылар ұзақ қашықтықтағы серуен барысында жер бедерін бағдарлау, шатыр тігу, от жағу, қауіпсіздік ережелерін сақтау секілді туристік дағдыларды меңгеріп, шынығып қайтты.
Жорықтың әр күні қатысушылардың төзімділігі мен дайындық деңгейін сынап қана қоймай, топ ішіндегі өзара түсіністік пен ынтымақты күшейтті. Командалық рух, бір-біріне қолдау көрсету, табиғатты аялау — сапардың басты ұстанымдары болды. Әсіресе ұстаздардың жастарға үлгі болатын тәртіптілігі мен ұйымшылдығы жорықтың маңызын арттыра түсті.
Ұйымдастырушылар мұндай бағыттардың өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыруға үлкен үлес қосатынын атап өтті. Алты күнге созылған әсерлі де мазмұнды жорық қатысушылардың есінде ұзақ сақталары анық.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы