Казталов ауданында жыл сайын бақша егіп, жер төсін еміп жүрген жандар баршылық. Таңнан кешке дейін тынбай еңбек етіп, жермен алысып жатқаны олардың. Еккен дақылдарының шығып кетуі, оны суарып, баптауының өзі үлкен жұмысты қажет етеді. Зейнетінен бейнеті көп бағбаншылықпен айналысып жүрген Қосшыбай Қапрахимов, Ғарифолла Ғаббасов ағаларымызды атап айтуға болады. Осы бағбан ағалар туралы газет бетінде талай жаздық, еңбектеріне талай тамсандық. Бақша егудің өзі үлкен бейнет пен еңбекқорлықты талап ететіні сөзсіз. Тамыз айы басталғанда қазталовтықтардың есіне Ғарифолла және Қосшы ағамыз түседі. Еске түспей қайтсін, өз жерімізде өсіп-өнген бау-бақшаның өнімін сатып алғың келеді. Басқа жақтан келіп жатқан көкөністерге кейде күмәнмен де қараймыз ғой...
Ғарекең 2014 жылдан бері Сарыөзеннің жағасында бау-бақша өсіреді. Өткен жылы сырқаттанып қалды. Сол кезде Ғарекеңнің қаңтар, ақпан айындағы саттыққа шығаратын қарбыз-қауынынан енді дәм татпаймыз ба деп те ойлағанымыз бар. Бірақ Ғарекең сырқатынан жазылып, кәсібін жалғастырды. Жыл сайын 1 гектардың үстіндегі жерге қияр, асқабақ, қауын-қарбыз, сәбіз, қызылша, картоп, тағы басқа да көкөністерді салып, алдын саттыққа да шығарып жатады. Ғарифола аға: - Жаз бойы бақша басында боламын. Күн сайын суарып, арам шөбін жұлудың өзі бір жұмыс. Кейде Казталовтың 75 сиыры беймезгіл «қонаққа» келіп, мазаны алатыны бар. Бұл сиырларды қайыра-қайыра танып та алдым, иесін де білетін болдым,- дейді. Сонымен бірге Ғарифолла аға жеміс ағаштарын да отырғызыпты. Енді, Алла бұйыртса 2-3 жылдан кейін бұл ағаштар да жеміс беретін көрінеді.
«Күнде бу, су сериалдарды теледидардан көріп, 450 теңгенің темекісін тартып жатқаннан не пайда? Мынадай керемет жерде еңбек етіп, табыс тапқанға не жетсін?!» деді.
Біздің келесі жер төсін емген кейіпкеріміз – Қосшыбай Капрахимов ағамыз. Ауылдастарының бәрі Қосшы деп сыйлайды. Бақша егудің қыр-сырын меңгерген ағамыз жақында дүниеден озды. Жеті күндік асын берді. Зейнетке биыл ғана шыққан ағамыздың армандары көп еді. Әттең, діттегеніне жете алмай кетті. Тағдырдың жазғанына не шара? Қосшыбай ағамыз негізі қазақтың Құнанбайдай ғұламасы, Абай, Шәкәрімдердей ойшыл ақындарының кіндік қаны тамған Семей өлкесінің тумасы. Дәм-тұз айдап, 90 жылдардың ортасында Казталов жеріне жұмыспен келіп, тұрақтап қалды. Казталовта Светлана апамызбен көңіл жарастырып, отау құрды. Апамыздың қызы мен ұлын өзінің туған балаларынан кем көрмей, бауырына басып өсірді. Олардан тараған немерелеріне сүйікті ата болды. Иә, бұл бөлек бір романға тұрарлық дүние.
Светлана апамызды қайғыдан қан жұтып отырған кезде мазалағымыз келмеді. Кейін бір реті келгенде жазармыз. Қосшы ағамыз қашан көрсеңіз де бір жерге асығып бара жататын немесе бақшаға кетіп бара жататын еді. Жезделігі болғасын ағамызбен әркез қалжыңдасып, қағытып жүретінбіз. Өзі еш ренжімейтін.
«Жүгіресің қалаға, жүгіресің далаға, Қамын ойлап туыстың, Жайын ойлап жұмыстың. Шаршамайсың жездеке...» деген бәрімізге белгілі ән тура Қосшы жездемізге арнап шығарылғандай. Біз ес білгелі ол Казталов орта мектебінде ағаш ұстасы болып қызмет жасады. Жұмыстан қолы босаған уақытта жыл сайын Сарыөзен бойындағы Мышым қыстағынан жер алып, бақша салатын. Күзде апамыз екеуі жайқалып шыққан дақылдарын базарда сатып тұрушы еді. Биыл Қараобадағы балдыздары шақырып, бақша салуға сол жаққа кетіп еді. Көктем шыққалы көрмеген ағамызды Қараобаға барған іссапарымыз барысында бақшаның басынан кезіктірдік. Табиғатынан адам баласына ойлаған арамдығы жоқ, әркез күлімдеп жүретін жездеміз аман-саулық сұрасқаннан кейін баяғы зілсіз әзіліне басып, тағы бір жеңіл сөз таластырдық. Бақша туралы сұрағанымызда: «Балдызым Абзал Ғалымов жетекшілік ететін «Ғалым» шаруа қожалығы Сарыөзен жағасынан жер алып, бақша егу жұмыстарын бастап жатыр. Маған: - Жезде, сіз бақшаның жөнін жақсы білесіз ғой, келіп көмектессеңіз,-деп өтініп, қолқа салды. Апаларын алып отырғасын қалай бармайын, амал жоқ келдім. Бармасам, апаларына арыздайды ғой (күліп). Бұл бақшаның көлемі 4 гектар. Қауын, қарбыз, асқабақ, қызанақ, қияр, баклажан, картоп, сәбіз сияқты бақша дақылдарын егіп жатырмыз. Алла қаласа осы жерден жеміс ағаштарын егуді де жоспарлап отырмын, - деп ағынан жарылған болатын.
Мына суреттерде ағамыздың күтіп, баптап өсірген бақшасының жемісі. Жақында Қараобадан салып жіберген. Жайқалып-ақ тұр. Иә, көңілі әндей сайраған, еңбекқор Қосшы жездеміз де өмірден өтті. Зейнет жасының қызығын да көре алмады. Артында мал емес, тал қалған азаматтың жаны жаннатта болсын дейміз!
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz