Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов өнер саласының майталманы, сазгер Нұрлан Нығметовты қабылдап, сый-құрмет көрсетті. Кездесуде аудан әкімі өнер иесін 75 мерейтойымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
-Қазақ мәдениетімізде ән өнерінің алар орны ерекше. Осы шығармашылық салада өзіңіз өнер ардагері ретінде ауданымыздың мәдени-рухани саласын көтеруде абыройлы қызмет етіп, зейнет жасқа жеттіңіз. Сіздің бастамаңызбен аудан, облыстағы ақындарымыздың туындыларына жазылған әндеріңіз жарыққа шығып, өнер сүйер қауымға жол тартты. Бүгінгі жас ұрпақ, яғни шәкірттеріңіз де сіздің жолыңызды жалғап, өнер сүйер қауымды халқымыздың рухани қазынасымен сусындата береді деген сенімдеміз. Өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз - деді аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы.
Сондай-ақ мерейтой иесі Нұрлан аға мен оның жары Гүлжиян апайға ұлттық нақыштағы киім мен гүл шоқтарын табыстап, құрмет көрсетті.
Өнер әлемінің құрметті азаматы Нұрлан ағаның шығармашылығы мен ғибратты ғұмыры бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Өнер иесі қазіргі таңда 70-ке жуық әндердің авторы. Атап айтар болсақ, ауданымыздың әнұранына айналған «Казталовка вальсі», «Ауданым әнім», «Қайыңды вальсі», «Бостандығым», «Туған өлке», «Тәуелсіздік жыры», «Мен қазақпын», «Ақжайық», өзі қызмет еткен саз мектебінде білім алып жүрген балаларға арнап «Саз мектебі», «Мектебім-әнім», «Мектеп вальсі», «Ұстазға», «Ұланымыз ұлы елдің», «Ақжелкен арман», «Тырналар» әндері мектеп қабырғасында өтіп жатқан мерекелік шараларда орындалып келеді.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы