Казталов ауданынан шалғай жатқан Болашақ ауылдық округіндегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 7 қазан күні аталмыш мектеп күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды. Атаулы шараға аудан әкімі Альберт Есалиев арнайы қатысып, білім ордасының күрделі жөндеуден кейінгі тыныс-тіршілігімен танысты.
Оқушылардың сапалы білім алуына қолайлылық туғызған білім ошағының жөндеу жұмыстарын мердігер «Жиенбай» ЖШС жүргізген болатын. Сонымен бірге шараға облыстық білім беруді дамыту орталығының инвестициялық және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бөлімінің басшысы Самиғолла Сүлейменов те арнайы қатысып, өз пікірімен бөлісті.
– Облыс көлемінде 32 білім беру нысанына мемлекет тарапынан арнайы қаражат қарастырылды. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектебі. Барлық жобалық-сметалық құжаттар толықтай қаралып, жөндеу жұмыстары талапқа сай жоғары деңгейде жүргізілген. Барлық санитарлық талаптар сақталған. Алдағы уақытта атаулы білім ордасынан білікті мамандар шығады деген ойдамыз, – деді Самиғолла Зәкарияұлы.
Сыртқы болмысымен көздің жауын алатын нысанның ішкі келбеті де заман талабына сай жаңартылған. Арнайы пәндер үшін кабинеттер, спорт залы, асхана ашылған. Қазіргі таңда еліміздегі ахуалға байланысты оқушылар штаттық режимде оқып жатыр. Тіпті оқушылар да асқан ыждағаттылықпен білім алып, құштарлықпен мектепке келетіндіктерін жеткізді. Келген қонақтарға өздерінің таланттарын да көрсетіп, қуаныштарымен бөлісті. Білім ошағының ардагер ұстаздары да қуанышты сәтте ортадан табылды.
– Мектептің талай жылдардан соң күрделі жөндеуден өтуі – ауыл тұрғындары үшін ұмытылмас сәт. Мен өзім 37 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықтым. Қалалық білім нысандарынан кем түспейтін мектебіміздің жаңа келбеті біздің жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатты. Бұл – мемлекетіміздің балаларымыздың білім алуы үшін жасап отырған мүмкіндігі. Шыны керек, біз арман қылған сәт бүгін, міне, көз алдымызда орындалып отыр. Қайта білім беруге де құштарлығымыз артып отыр. Алдағы уақытта сәні мен салтанаты жарасқан білім ордасында еліміздің бетке ұстар азаматтары білім алып шығады деген үміттеміз, – деп ардагер ұстаз Жанғаным Ерғалиева мектеп ұжымына жылы лебізін жеткізді.
Қазіргі заман – білімнің салтанат құрған кезеңі. Сондықтан балалар мен жастардың білім алуына ауданымызда барлық жағдай мен мүмкіншіліктер қарастырылған. Тек білімімді одан әрі дамытып, еліме адал қызмет қыламын деген білімгердің талабы болса нұр үстіне нұр. Бүгінгі сәт Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Той тойлайтын еме, ой ойлайтын» уақыттың айқын көрінісі.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер