14.12.2021, 14:30
Оқылды: 69

Қазыналы қария

«Баламен жолдас болсаң,

Бала боларсың.

Қариямен жолдас болсаң,

Дана боларсың» демекші, қариялардың өмір жолдары - бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Кеңес одағының батыры Б.Момышұы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатын қартты шал, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген жанды қария деген. Тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырғандарды ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған екен. Жазушы айтқан абыздар қазіргі таңда бар. Осындай Жаңақала ауданындағы қазыналы қариялардың бірі – жаратылысында жаңалықтан қорықпайтын, шәкірттерінің ғылым-білімге қызығушылығын оятуда ерекше дүниелер жасауға құштар абыз-ақсақал Мақсот Шафихов.

Қазыналы қария

Ол 1946 жылы Жаңақала ауданының Көпжасар ауылында дүниеге келген. Д.Нұрпейісова атындағы сегізжылдық мектептің табалдырығын аттап, оныншы сыныпты көрші ауылдағы С.Меңдешев атындағы орта мектепте тәмамдайды. Содан 1966 жылы әскер қатарына шақырылады. «Отан алдындағы борышты өтеу міндет» деген ұғымды санаға сыйдырған жас Отан алдындағы азаматтық борышын Венгрияда орындап, 1968-1969 жылдары КСРО Үкіметінің шешіміне сәйкес Чехословакия оқиғасына қатысады. Әскерден оралысымен Орал ауыл шаруашылық техникумына құжат тапсырады. Техникумнан кейін білімін А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында жалғастырады. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң атқару комитеті жанындағы дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы болып бес жыл қызмет атқарады. Бұдан кейін ұстаздық қызметке бет бұрып, аудандағы Е.Орақбаев, Д.Нұрпейісова, Қ.Нұрымғалиев, Ә.Жангелдин атындағы мектептеріне басшылық етеді. Сонымен қатар ауданның спорт бөлімінің төрағасы, биология, химия пәнінің мұғалімі, мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, кәсіподақ комсомол ұйымдарында жетекшілік қызметін атқарған. Махсот атамыз педагогика саласында қырық жыл еңбек етеді. Ә.Жангелдин атындағы негізгі мектебінде еңбек еткен жылдарында биология және экология кабинетінде ауданда тұңғыш рет «экологиялық мүйіс» ашады. Онда жануарлардың барлық түрлерінен, құстардың тұлыптары, жәндіктердің, бауырмен жорғалаушылардың коллекцияларымен, дымқыл препараттары жасалады.

Табиғатқа жанашыр ұстаз 2007 жылы Мұқыр ауылында өлкетану мұражайын ашып, өзі жетекшілік еткен. 1995 жылы қазанда аудандық білім бөлімі, экология және биоресурстар жөніндегі облыстық басқармамен бірлесе отырып, мектеп директорлары мен биология пәні мұғалімдерінің аудандық семинарда  «Жаңақала өлкесінің экологиялық проблемалары» жөніндегі баяндамасы жоғары бағаланады. Экология тақырыбына жазған «Нарын тағдыры – біздің тағдырымыз» атты рефераты аудан көлемінде тыңдалған соң, оны облыстық өлкетану оқуында қорғап шығады. Нәтижесінде облыстық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен мадақталды. «Еңбекке баулу мен кәсіби бағдар беруде биология пәнінің ғылыми-практикалық маңызы» атты баяндамасы аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұсынысымен 2000 жылы кітапша болып басылып шығады. Жан-жақтылық қабілетімен қажырлы еңбек етіп, халқымыздың болашағы үшін тер төккен Мақсот Шафихұлының еңбектері бағаланып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған. Ғұмырының мағыналы кезеңдерін басшылық қызметтерге арнап, қызмет еткен жылдары жақсы жетістіктерге қол жеткізген жанбүгінде«Жаңақала ауданының Құрметті азаматы», Мұқыр ауылының «Ең үздік» мұғалімі, жоғары дәрежелі биология пәнінің оқытушысы», ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасының» иегері. Сондай-ақ «Үздік мұғалім» төсбелгісін, «Қазақстан ардагерлер ұйымына – 30 жыл» мерекелік медалін алған. «Қазақстанның ардақты ардагерлері мен билері» автобиографиялық энциклопедиясына енген. Облыс және аудан әкімінің,білім бөлімдерінің Алғыс және Құрмет грамотасымен, басқа салалардан да көптеген мақтау қағаздарын иеленген. Зейнетке шықса да еңбектен қол үзбей, 2014 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық рдагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі, ақсақалдар алқасының төрағасы қызметтерін атқаруда.

Суретте ауданымыздың бір топ қариялары

- Ауданда 2762 зейнет жасындағы адамдар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері Мұса Томанов, 124 тыл ардагері, 8 Ауған соғысының ардагері, 6 Чернобыль ардагері, 1 Араб еліндегі қақтығысқа қатысушы, 8 Семей ядролық сынақ алаңының ардагерлері бар. Ардагерлер ұйымының кеңесінің жұмысы аудан әкімінің тікелей қолдауымен ішкі саясат бөлімімен, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімімен, білім беру бөлімімен, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімімен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Жұмыс бағдарламасына байланысты атқарылған жұмыстарды талқылау үшін үш айда бір рет алқа отырысы өтеді. Оның құрамына 5 адам енгізілген. Сондай-ақ ардагерлер кеңесінен 25 мүшесі бар. Мектептер жанынан бастауыш ұйымдарда ардагерлер ұйымы жұмыс істеп отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы шеңберінде өткізілген шараларға ардагерлер ұйымы белсенді қатысып отырады. Алғыс айту, қарттар, отбасы, Жеңіс сынды мереке күндері аудан әкімімен бірлесіп, ардагерлерімізге құттықтаулар жолданып, сый-құрмет көрсетіледі. Мерейлі күндерде өткізілген шаралар аясында ардагерлерді ұлықтау жұмыстары жүргізіліп, үйлерінде, шаруашылық жағдайында көмек көрсетіледі. Ауданымыз бойынша ардагерлердің барлығы дерлік әлеуметтік жағдайы жоғары деңгейде деуге болады. Үйлермен қамтамасыз етілген, тұрмыстық жағдайлары жақсы. Ал ардагерлер ұйымы, қалаберді аудан әкімінің, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімімен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде жекелеген жағдайы нашарлау, бақылауда тұрған жалғызбасты қарттарға қамқорлық жасалынуда. Зейнеткерлердің көбінесе алаңдатып, сұрайтын мәселелері – мал азығы бойынша көмек, үйлерін жөндеуге құрылыс материалдарына көмек көрсету сұраулары боып жатады. Дәрігерлерге қаралу кезінде қиындық болатындығы туралы мәселелерін де айтты. Алайда біз бұл жағдайды шешіп, барынша қолұшын созып жатырмыз. Нақтырақ айтатын болсақ, моншаға, шаштаразға төмен бағамен және дәрігерге қаралуға кезексіз кіру бойынша жеңілдіктер қарастырылған, - дейді Мақсот атамыз жұмысының барысын айтып.

Жалпы, қоғамда ардагерлердің араласпайтын саласы жоқ. Өйткені аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі мен тәжірибелері бәріне қажет. Тиісінше, бұл ауданның да ардагерлері жастарға тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауда талмай еңбек етуде.

Мақсот Шафихұлы құдай қосқан жан жары Жаңыл Құсайыновамен ұл-қызын бар мейіріміне бөлеп, тәрбиелеп өсірген. Балалары Жақсат, Риза, келіні Гүлнәз жоғары оқу орнын бітірген мамандар. Қазіргі таңда үш немере сүйіп отырған бақытты ата.

Жетпістің желкенін нық ұстаған кейіпкеріміз қолда күш, денінде саулық барда ел игілігі үшін әлі талай істі тындыратыны анық. Төрдің сәні, өмірдің мәні деп қарайтын абыз-ақсақалдарымыз аман болсын. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» демекші, қариясын құрметтеген елдің қашанда ертеңі биік, мерейі үстем болары сөзсіз.

Жаннұр Хайрушева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале