1 қазан – қариялар күні аясында Переметный ауылында мерекелік концерт ұйымдастырылды. «Қариялар – өмір шежіресі» атты кешке аудан өнерпаздары қатысып, әсем ән мен күмбір күйден шашу шашты.

– Халық арасында бір аңыз бар: бір елде қиын заман орнап, қарттарды қажетсіз деп тауып, ауылдан қуып жібереді екен. Сонда бір жас жігіт әкесін тығып бағып, ас-ауқатымен қамтамасыз етіп отырған. Көп ұзамай ел-жұрт қатты қиындыққа тап болады. Сол кезде әлгі жас жігіт жасырын бағып жүрген әкесінен ақыл сұрап, оның кеңесі арқылы елді тығырықтан алып шығады. Содан бастап жұрт қарттың қадірін түсініп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – елдіктің белгісі екенін ұғынған екен. Бұл аңыз қариялар даналықтың, тәжірибенің, өмірлік сабақтың қайнар көзі екенін аңғартады. Сіздер де – бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазынасыздар. Қария – шаңырақтың шуағы, елдің рухани тірегі. Ауданымыздың дамуына қосқан үлестеріңіз зор. Бүгінде сіздердің ақ баталарыңыздың арқасында ұрпағымыз өсіп-өркендеп, ел-жұртымыздың бірлігі нығайып келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық тілеймін! Әр күніңіз қуанышқа толы болсын, жүректеріңіз шаттыққа бөленсін, - деді салтанатты шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

Салтанатты рәсім аудан көркемөнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік кеште халықтық «Ақниет» әжелер ансамблі мен қатар түрлі этномәдени бірлестіктер де өнер көрсетіп, достық пен бірліктің үлгісін паш етті.
Құттықтау рәсімі кейін аудан орталығындағы арнайы қызмет көрсету орталығында жалғасып, ондағы қызмет алушы қарияларға да айрықша көңіл бөлінді. Мекеме басшысы Нұржан Аткеев атаулы күнмен үлкендерді құттықтап, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ күзгі өнімдер себетін ұсынды. Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемкорпорациясы БҚО филиалы Бәйтерек аудандық бөлімінің басшысы Махамбет Әлжанов қарияларды мейрамымен құттықтап, сый-сияпат ұсынды.

Сондай-ақ бұл күні аудандық полиция бөлімі, пробация қызметі және «Яңарыш» қоғамдық бірлестігі бірлесіп құқық қорғау органдарында ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткерлерді құттықтап, оларға тарту-таралғыларын табыстады. Ардагерлер көрсетілген құрмет пен ыстық ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, елдің бірлігі мен татулығын тіледі.

Жарты күнге созылған ізгі шаралар легі «Арна» кафесінде қарияларға арнап жайылған ақ дастарханмен айшықталды. Аудан басшысы Марат Тоқжанов үлкендерге ізет көрсетіп, ұрпаққа жол бастап келе жатқан асыл жандарды шуақты мерекесімен құттықтап, ақылшыларымыздың амандығын тіледі.
- Қария – елдің қазынасы, отбасының берекесі, қоғамның ақылшысы. Сіздер – өмірлік тәжірибесі мол, парасат пен даналықтың қайнар бұлағысыздар. Ақ батаңыз – ел мен жер амандығы, тыныштығы мен бақ-берекесі. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, болашағына сіздердің еңбектеріңіз бен өнегелеріңіз үлкен үлес қосуда. Бүгінде аға буынның салған сара жолы – біз үшін үлкен мектеп, қайталанбас өнеге. Осы айтулы күні баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Әр күніңіз жақсылыққа толы болып, жүздеріңізден қуаныш нұры таймасын, - деді Марат Лұқпанұлы.

Ақ дастархан басына жиналған қариялар әсем ән тыңдап, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтып, бір-біріне ізгі тілектерін білдірді. Жылы жүздесулер мен жүрекжарды әңгімелер шараның шырайын кіргізіп, ерекше рухани мазмұн берді.
Гүлім Орда,
Бәйтерек ауданы