Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаева Орал қаласына қоныс аударған 108 жастағы кейуана Хамида Балтеменованың шаңырағына арнайы барды.
Ғасырдан астам жасап келетін әжейдің халін біліп, қайырымдылық айлығына орай жаулық жауып, сый-сияпат жасады. Кейуана саналы ғұмырын Жетікөл ауылдық округінде өткізді. Жас кезінде жылқы бағып, азаматтармен қатар ат жалын тартып мінген. Әжейдің күні кешеге дейін іс тігіп, газет оқып келгенін бұрын жазған едік. Қазір ондай қауқары болмаса да, көруі жақсы, сөзі дұрыс. Тек құлақтың естуі нашарлаған екен.
Туған жерден арнайы ат арылтып келген басшыларға риза болған Хамида Балтеменова ақ батасын жаудырды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы