Ауыл – алтын қазына. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа ұластыратын да – ауыл халқы. Олай болса, абыройы асқақ ауданымыздың ауылдық округтерінің бірі – Көпжасардың тыныс-тіршілігін тілге тиек еткенді жөн көрдік.
Ауылдың қысқаша тарихы
Көркем ауыл Көпжасар атырабында өткен ғасырда «Правда», «Екпінді», «Жігер», «Жасталап», «Жаңаталап» артель бірлестіктері құрылды. Партия, комсомол ұйымдары ашылып, Жуантөбе ауылдық кеңесіне біріктірілді. Осы ұжымды ұйымдастыруға жергілікті тұрғындар Ихсан Танаев пен Ғұсман Бегешев көп еңбек сіңірген. Жуантөбе ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болып жергілікті тұрғын Тікші Қиясов сайланды. И.Танаев 1938 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесіне қатысып, есімі көрменің Құрмет кітабына жазылды.
Көпжасар Батыс Қазақстан облысының шеткі аймақтарының бірі. Солтүстігінде Ақжайық ауданымен, солтүстік батысында Бөкей ордасы ауданымен, оңтүстігінде Атыраудың Индер ауданымен шектеседі. Жер аумағы 298 673 гектар. Кеңшар орталығы Көпжасар ауылынан басқа бұрын совхоздың ферма орталықтары болып келген «Салтанат», «Саралжын» елді мекендері бар. Округті ұзақ жылдар бойы Қ.Төлеуғалиев басқарды. Кейін ауыл әкімі қызметіне Сағат Боранбаев тағайындалды. Қазіргі кезде округ әкімі Нұрбол Бектілеу.
Ауыл – ұлттың ұйытқысы
Әлемдік тенденцияда халықтар мегаполистерде шоғырлануда. Ал қазақ ауылдан кіндігін ажыратқысы келмейді. Содан болса керек-ті, Үкімет ауылдағы ағайынды түрлі бағдарламалар арқылы қолдап, әлеуметтік әлеуетін арттыруға жағдай жасауда. Мұндай мүмкіндіктерді көпжасарлықтар да тиімді пайдалана бастады. Аталмыш ауылда тұрғындардың тәуір тұрмыс кешуін көздеген келелі бастамалар белсенді орындалып келеді. Округтегі сан түрлі саланы қай тұрғысынан қарасаң да, көз қуанып, көңіл сүйсінеді.
Аудан орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Көпжасар елі бүгінде өңір бойынша қарқынды дамып келе жатқан ауылдар санатында.
Көпжасар – тұрмысы алға басқан, шаруасы оңды округтердің бірі болып есептеледі. Тарихпен бірге жасасып, талай кезеңдердің куәсі атанған. Соғыстың салқынын сезініп, тың игеру тұсында да ерен еңбегімен ерекшеленген елдімекен.
Қай салада болмасын озық жүретін ауылдық округте 1810 тұрғын, 388 аула, 51 қыстақ бар. Қазіргі уақытта тұрғындарға қажетті һәм қолайлы жағдай жасалып қана қоймай, игі жұмыстар атқарылуда.
Ауыл шаруашылығы өркендеп келеді
- Көпжасар ауылдық округі бойынша 2020 жылғы 1 шілде бойынша, шаруа қожалықтары мен тұрғындардың жеке иеліктеріндегі малды қоса есептегенде 9973 бас ірі қара, 28938 бас қой мен ешкі, 4128 бас жылқы, 141 бас түйе, 271 құс бар. 1 ЖШС, 59 шаруа қожалығы, 35 жеке кәсіпкер тіркелген. Округ бойынша 2020 жылы қаңтар-қазан айларында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Жаңақала несие серіктестігі» ЖШС арқылы 4 шаруа қожалығы «Беларусь - 1025.2» мен «Беларусь - 82.1» тракторы 6 дана, 13 ауыл шаруашылық техникалары, 1 камаз жүк көлігін және жүк тиегіш трактор алу жоспарлануда. 12 шаруа қожалығы 16 күн панельдерін алып, 39 747 200 теңге субсидия алды. Сондай-ақ 2020 жылы қаңтар-қазан айларында 11 шаруа қожалығы асыл тұқымды 70 бас бұқа, 2 шаруа қожалығы 282 бас асыл тұқымды қашар, 1 шаруа қожалығы 1 бас асыл тұқымды жылқы малын сатып алып, жалпы құны 44 800 000 теңге субсидия берілді. 7 шаруа қожалығы ҰІҚ 926 бас асыл тұқымды аналық басымен селекциялық жұмыс үшін 18 520 000 теңге субсидия алды. 7 бас асыл тұқымды бұқа арендаға алды. 23 шаруа қожалығы 2327 бас тауарлы аналыққа 23 270 000 теңге субсидия алды. 1 шаруа қожалығы бұқашықтарды бордақылау «Ет индустриясы» ЖШС-не 20 бас бұқашық (тірілей салмағы 4999 келі) тапсырып, 999800 теңге субсидия алды. 4 шаруа қожалығы қоғамдық табынға 34 бас асыл тұқымды бұқа қосып, 3 400 000 теңге субсидия алды. Ауылдық округ бойынша 47 шаруа қожалығы мал шаруашылығына 90 989 000 теңге субсидия алды.
2020 жылы қаңтар-қазан айларында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Жаңақала несие серіктестігі» ЖШС арқылы 81 000 000 теңге, 3 шаруа қожалығы 56 000 000 теңге несие алып, алынған қаржыға 380 бас МІҚ, 10 бас жылқы, 200 бас қой сатып алды.
«Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 1 жеке кәсіпкер азық-дүкенін дамытуға 5 000 000 теңге, 3 жеке кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуға 9 200 000 теңге несие алып, кәсібінің нәсібін көруде.
Тұрғындарды жұмыспен қамту – басты назарда
Ауылдық округ бойынша 2020 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны - 15. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен 2020 жылғы қаңтар-қазан айларында жұмыссыздар есебінен 24 адам тұрақты жұмысқа (ауылдағы мекеме және шаруа қожалықтарына), 44 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 10 адам әлеуметтік жұмыс орнынан жұмысқа орналасты. 15 адам жастар тәжірибесінен өтуде, қысқа мерзімді оқуға 1 адам жіберіліп, оның 1-еуі маусымдық жұмысқа кірісті. 8 адам «Бизнес бастау» оқыту курсын оқып «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлігін құрып, 15 адам грант қайтарымсыз қаражат алды. Сонымен қатар 13 адамға денсаулығына байланысты (522500 теңге), аз қамтылған 2 отбасы бір жолғы материалдық көмек (42416 теңге), 1 тыл еңбеккеріне (90 жас) (55560 теңге), пробация есебінде тұрған 3 адамға (83340 теңге), жеке тұрғын үйінің өртенуіне байланысты 1 отбасына (92785 теңге), 2020 жылғы қаңтар-қазан айларында 796601 теңге материалдық көмек тағайындалды.
Туған жерін түлеткен түлектер
Соңғы кезде Көпжасарда да жақсы бір үрдіс қалыптасып, дәстүрге айналып келеді. Мектеп бітірген түлектер туған ауылдарына қарайласып, атамекенін көркейтуде ауызбіршілік танытады. Түлектер талай игілікті істің ұйытқысы болғанына ел-жұрт куә. «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында алғаш болып 1998 жылы мектеп бітіргентүлектер 2018 жылы сәні мен салтанаты жарасқан «ЖАН ЖҮРЕГІМ КӨПЖАСАР» белгісін орнатқан еді. Сол жылы 2008 жылы мектеп бітірген түлектер Көпжасар ауылына кіреберіс қақпа орнатып берсе,2003 жылы мектеп бітірген түлектер ауыл маңындағы зиратты қоршады. Ал 40 жылдық мектеп бітіруші түлектер Үштас ауылы маңындағы зиратқа қақпа орнатып, ауыл тұрғыны Ерғалиев Бигелдин өз қаражатына сол зиратқа қоршау жұмыстарын жүргізді. Бұл ауыл азаматтарының елге жанашырлығының жарқын көрінісі. Түлектер тартуы тек мұнымен шектелген жоқ. 1999 жылы мектеп бітірген түлектер 2019 жылы «СТРИТ ВОРКАУТ» көше спорт жаттығу алаңын салып берді. 2009 жылы мектеп бітірген түлектер аялдамаға жаңарту жұмыстарын жүргізді.2000 жылы мектеп бітірген түлектер 2020 жылы ауыл кіреберісіне көше жарығын орнатты. Міне, осындай туған жерін көркейтуге атсалысқан түлектердің игі істеріне ауыл тұрғындары әрқашан дән риза.
Атқарылған жұмыс аз емес
2019 жылы Көпжасар дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтсе, 2019 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында шағын футбол алаңы салынды.2019 жылы ауылдық округі әкімі аппараты, дәрігерлік амбулатория, мектеп және ветеринариялық пунктке жоғары қарқынды интернет желісі тартылды. Ауыл тұрғындары Мұқышева Райса, Нұрсұлтанова Нәпен, Фазылов Марат, Төлешова Орынғаным, Сұлтанов Нұрлан, Мамбетов Жанболат, Аюпов Әскербек, Зайдуллин Әсет, Жұбаев Ахат, Кенжеғалиев Саясат, Біржанов Мәдениет, Шангереев Ақылбай демеушілігімен Қосшолан және Бірқазан зираттарын қоршау жұмыстары жүргізілді. Саралжын ауылы тұрғындарының демеушілігімен Болатбек, Шынтас ұйымдастыруымен Саралжын ауылы маңындағы зират қоршалды. 2020 жылы ауылға техникалық су әкелу мақсатында ауыл маңынан көбік қазылды. Ауыл маңындағы стадион қоршау жұмыстары жүргізілді. Ауыл көше жарығын жаңарту мақсатында жаңа шамдар орнату жоспарлануда. Пандемия кезінде 1969, 1991, 1994 жылы туған азаматтар және жеке кәсіпкелер аз қамтылған отбасыларға азық-түлік алып берді.
Ауыл болған соң түйткілді тұстары да жоқ емес. Аудан орталығына қатынайтын жолымыздың жағдайы нашар. Бұл мәселе бұрыннан да айтылып жүр. Ауыл халқының ұсыныс-тілегі ескеріліп, жолымыз жөнделсе екен. Бұдан бөлек Д.Нұрпейісова орта мектебін, балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу қажет. Ауыл тұрғындарына кең жолақты интернет желісін тарту мәселесі шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді біз қойған сауалдарға мейлінше тұшымды жауап беруге тырысқан Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Серікұлы.
P.S Бар қазақтың бесігі делінетін ауылдарымыздың ажарлана түсуі қалың көптің көңіліндегі тілек, сеніміндегі тірек екендігін түсіну қиын емесі сөзсіз. Ынтымағы мен ауызбірлігі жарасқан ел қашан да алдыңғы қатардан табылатыны белгілі. Бұл тұрғыда көпжасарлықтардың жұлдызы әрдайым биіктен жанатынына куә болып келеміз. Олар қай салада да көш басынан табылып, еліміз бойынша ауданымыздың мерейін үстем етуде. Біз оларды сонысымен мақтан тұтамыз!
Алтынбек Ермекқалиев,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz