11.08.2022, 11:15
Оқылды: 50

«...Келеді әйтеуір бір ұрпақ менің соңымнан, бар үміт сенде, о, асау толқыным менің!»

Жастар - қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман һәм үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырары хақ. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына нық қадам бастайды.

3

Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындап, олармен санасады. Сондықтан бір жылдың айтулы бір күнін арнайы жастар мерекесі етіп, күнтізбеде белгілеген. Яғни, 12 тамыз - Халықаралық жастар күні ретінде аталып өтіледі.

7681 жас бар

Жастар - қоғамның қозғаушы күші. Ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін өскелең ұрпақ ұлылардың ұлағатты өмір жолынан үлгі алып, келешекке кедергісіз жету мақсатында аянбай еңбек ете білуі керек.

Ел болашағы жастарымыздың білімдері мен күш-жігерлеріне, патриоттық сезімдеріне тікелей байланысты. Бүгінгі таңда Теректі ауданында 7681 жас бар. Белсенділігімен көзге түскен олар осы кезге дейін мемлекет тарапынан берілген түрлі гранттардың иесі атанып, ауданымыздың әлеуметтік саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Жыл сайын ауданымызды көркейтуді, гүлдендіруді қалап, әр алуан идеяларын жүзеге асырып жүрген жалынды теректіліктер «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына қатысып, еңбектеніп жүр. Еліміздің көгалдануы мен тазалығын сақтап қана қоймай, жалынды жастардың жаңа буынын тәрбиелеп, олардың патриоттық рухын көтеруге үндейтін «Жасыл ел» жобасына Теректі ауданы бойынша соңғы үш жылда 150 жас қамтылыпты. Биыл сарбаздар саны 100-ге жетіп, төрт ай көлемінде Подстепный, Шағатай, Ақжайық, Жаңа өмір ауылдарының жастары өзара қарым-қатынас орнатып, қызмет қылады.

4

Ауданымызда жастар кәсіпкерлігін қолдау меселесі де назардан тыс қалған емес. Қазіргі уақытта аудан бойынша 63 жас кәсіпкер өз шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Нарықтық заманда алғыр болуды көздеген жас буынның алар асуы мен бағындырар белестерінің алда екеніне сенімімз кәміл.

Қолдау бар жерде - самғау бар

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы - денсаулық. Ал денсаулықтың қорғаны - дәрігер. Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Соның бірі - Подстепный ауылының тұрғыны Арайлым Таймекенова. Ол  Орал қаласындағы медициналық колледжін 2013 жылы тәмамдаған. 2014-2015 жылдары Сырым ауданы, Қособа ауылдық дәрігерлік амбулаториясында екі жыл адал қызмет атқарған. Кейін, яғни 2015-2016 жылдары Орал қаласындағы «АрСам» жеке клиникасында жұмыс істеген.

- 2016 жылы тұрмысқа шықтым. «Бала —  бауыр етің» демекші, қазіргі таңда жолдасым Айбек екеуміз үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыздың тамағы, сабағы бар дегендей, дәл қазіргі уақытта мамандық бойынша қызметімді әзірше тоқтаттым. Енді кәсіпкерлік саласы бойынша жұмыс істеп көрейін деген оймен жеке кәсібімді қолға алған жайым бар, -деп Арайлым Жақсылыққызы әңгімесін бастады.

Ежелден малсақ халқымыз төрт түліктің өнімдерін кәдеге жаратқан. Тұрмыс-тіршілігінде кеңінен  кәдеге асыра білген. Мәселен,  малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнінен мата жасап, киім-кешек тігуге пайдаланған.

- Ең алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Еңбек» бағдарламасы бойынша білімімді жетілдірдім. Сосын бизнес жоспарымды сәтті қорғадым. Сөйтіп, 505 000 мың теңге көлеміндегі  грантқа ие болдым. Бұл қаржыға жүн түтетін аппарат сатып алдым. Жалпы, үш түрлі бизенс жоспарым болды, алайда тек біреуін ғана таңдауға тура келді. Ол ата-бабамыздан қалған үрдісті жалғастыру мақсатында жүн түту кәсібі еді. Болашақта жоспарым өте көп. Айталық, шағын шеберханамды кеңейтіп, үлкен жүн түту цехын  ашқым келеді. Сонымен қатар қолөнерді де дамыту ойда бар, - дейді кейіпкеріміз.

Елімізде «Өз кәсібімді  бастаймын» деген еңбекқор жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Ал қолдау бар жерде - самғау бар екені сөзсіз. Тек тың жобаларды жүзеге асырып, бағдарлама бағытын барынша байыту керек. Теректінің топырағында кәсібін өрге домалатып, өңіріміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлердің бары көңіл қуантады.

«Іс тетігі білікті маман қолында»

Кез келген  мемлекеттің  қалыптасуы  мен  дамуы  жолында мемлекеттік қызметтің  алар орны айрықша. Өйткені, мемлекеттің  саясатын, алға қойған келелі міндеттерін іске асыратын да мемлекеттік қызметкер. Сондықтан мемлекеттік қызметшіге қойылар талап, артылар жауапкершілік  қашан да жоғары.

«Іс тетігі білікті маман қолында» екені бесенеден белгілі. Өз жұмысының қыр-сырын жетік меңгерген Зульфат Кенжеғалиеваны шағатайлықтар жас болса да білімді де білікті  маман ретінде жақсы таниды. Еңбек, тек адал еңбек қана  абыройға жеткізетінін әркез көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен  ол өзіне сеніп тапсырылған  «Шағатай ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіндегі жетекші маман міндетін үлкен жауапкершілікпен еңсеріп келеді. Байсалды мінезі мен жұмыстағы табандылығының  арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында зор құрметке ие.

- 2006 жылы Орал қаласындағы Жәңгірхан атындағы  агро-техникалық университетіне  оқуға түсіп, оны 2010 жылы өңдеу өндірісінің технологиясы (салалар бойынша) мамандығы бойынша бітірдім. Бұл мамандықпен шектелмей, 2015-2017 жылдары Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясынан  информатика пәнінің мұғалімі деген дипломды қолға алдым. Ата-анам өте еңбекқор жандар. Біздерді бала кезімізден бастап маңдай терімізді төгіп адал еңбек етуге баулып отырды. Содан болар қандай да болмасын жұмысты  талғамай, білек сыбана кірісіп кетеміз. 2011 жылы Шағатай ауылындағы Абулхасимовтар әулетіне келін болып түстім.  Жолдасым Әсет — құрылысшы. Қазіргі таңда «Raxman»  ауылшаруашылық кооперативінің басшысы. Мал шаруашылығымен айналысады.  Ауылда тұрған соң, мал ұстап, сиыр сауамын. Кішкентай кезімізден ауылда еңбекке араласып, қи ойып, тезек тасып, тас соғып үйренгендіктен бе, келіндік міндетімді де абыроймен орындаймын. Сондай-ақ жұмысыма да үлгеремін, - дейді жас мемқызметкер.

«Ана - үйдің берекесі, бала - үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Зульфат - жақсы маман ғана емес, ең бастысы  үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген  аяулы ана, жанұясының ұйытқысы. Жолдасы екеуі  екі ұл, бір қыз тәрбиелеуде.

Халықаралық жастар күнімен құттықтаған Зульфат Аманжолқызы:

- Болашақтағы Қазақстанның жолы жас ұрпақпен тікелей байланысты. Бүгінгі күні жастар өзінің әлеуетін жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге ие. Осы үшін кәсіби мансап пен тұлғалық өсу қалыптастыруда тең мүмкіндіктер құрылуда. Жалпы, жастар саясаты - тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Олардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болары даусыз. Жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады», -  деген болатын. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы еңбек екенін ұмытпаған жөн. Жастар қалада емес, ауылға келіп еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосса деймін. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету - бәріміздің қасиетті борышымыз,-деп замандастарының жарқын болашағына сенетінін жеткізді.

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале