Бүгін Жаңақала аудандық мәдени-демалыс орталығында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жаңақала ауданының халқымен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімінен бөлек облыстық басқармалардың басшылары қатысты. «Сұрақ-жауап» форматында өткен кездесуде аудан әкімі Дархан Закарин ауданда қолға алынған әлеуметтік-экономикалық жоспарларды баяндап, биылғы жылы жүзеге асқалы жатқан жобалармен таныстырды.
Әкім баяндамасынан кейін аудан тұрғындары өңір басшысына сұрақтарын жолдап, аудан тірлігіне қатысты көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Облыс әкімімен кездесу жиынында ардагер ұстаз Нұрсұлу Ғалимуллина Жаңақазан ауылына кіретін кірме жолға шебен төсеу қажеттігін, мектептегі бала санының аздығына байланысты жатақхананың жабылып қалғандығын, соны қайта жаңғырту керектігін, ауылдық округтерде спорт кешендерінің жоқтығын, мәдениет үйлерінде, амбулаторияларда кадрдың жетіспеуін тілге тиек етті. Тұрсын Кенжеғалиева күнкөріс деңгейінің көтерілмеуіне наразылығын білдіріп, үйде кезекте тұрғандығын айтып, тұрғын үй қашан берілетіндігін сұрады. Талғат Мұратов қалаға қатынайтын жолдағы жолақтардың жоқ екендігін жеткізсе, Шаһидолла Абуғалиев қалаға қатынайтын автобус билеттерінің алдын ала және онлайн сатылмайтындығын айтты.
Айтуған Ғайнеденұлы Соркөлді толтыру қажеттігіне тоқталса, Әсел Бақтұмарқызы көпбалалы ана санатымен бизнес жоспар жасақтап, қайтарымсыз грантқа құжаттар тапсырып, жағдайы бар болғандықтан комиссия шешімімен өтпей қалғандығына наразылығын білдірді. Руслан Оразалиев 16 пәтерлі тұрғын үйдің алдын абаттандыру жөнінде ұсынысын білдіріп, тұрғындардың ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялауға малды себепсіз тіркеп алатындығын, соның шешімі ретінде малға чип қондыруды мемлекет тарапынан міндеттеуін қолға алуды ұсынды. БҚО «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Талғат Байкенов «Бірлік» мал зауытының директоры Қанат Ешимовтың жерді халық игілігіне тегін қайтарып бергендігінің, сондай-ақ халыққа сүтін, қымызын жеткізіп беріп отырған Темірлан Шамұратовтың еңбектерін елеп, республика деңгейінде төсбелгі тағуды ұсынды. Сонымен қатар кейбір адамдардың халықтың жерін алып-сатып содан кәсіп жасап жүргендігін, далада өздігінен өлген киіктерді жинаймыз деп жерлес жас балалардың бас бостандығынан айырылып қалғанының әділетсіз екендігін тілге тиек етіп, осы жағдайды ескеруін сұрады. Жанайдар Болатбекұлы «Tele2» байланыс операторының интернет жылдамдығы нашар екендігін, мемлекеттік мекемелерде ілініп тұрған мемлекеттік рәміздерге қай жағынан қарағанда да жарық түсіп тұру қажеттігін айтып, осы мәселені қолға алу мақсатында облыстан мониторингтік топ шақыртуды сұрады. Шынар Батырғалиева 2 пәтерлі 20 тұрғын үйдің пәтерақысы қымбат екендігін алға тартты. Қобылан Мұхамбетов су, ішкі жол, киік мәселелерін айтты.
Темірлан Шамұратов далада өлген киіктерді ит әкеліп тастайтындығын тілге тиек етіп, «сонда итті соттаймыз ба, ол үшін неліктен адам бас бостандығынан айырылуы қажет? Құлшықтың суы барлық ауылға берілмейді, бау-бақшамен айналысатын қарапайым халыққа су берілсе» деген сауалын ортаға салды. Сондай-ақ тұрғындар игерілмей жатқан жерлердің әлі де толықтай мемлекет меншігіне қайтарылмай жатқандығын, Жаңақала ауылында 2 пәтерлі 20 тұрғын үйдің алдына ауылішілік жолдар салу қажеттігін, жатақханалардың күрделі жөндеуден өткізілу керектігін, аудан бойынша халық санымен Жаңақаладан кейін екінші болып тұрған, бұрынғы аудан орталығы - Жаңақазан ауылына күндізгі стационарды мамандармен толықтырып, қызметін қолға алу мәселесін, С.Меңдешев ауылдық округінде мәдениет ошағының жоқтығын, байланыс операторларының желісінің нашар екендігін, ауылішілік автобустың сынып, тоқтап қалғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар жеке мәселелер мен ұсыныстар да ортаға салынды. Өз кезегінде аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, жауапты тұлғаларға ағымдағы мәселелердің шешілу жолдарын саралап, нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz