Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен келген өңір басшысы Нариман Төреғалиев әлеуметтік нысандарды аралап, аудан ахуалымен танысты, тұрғындармен кездесті.
Облыс басшысының халықпен кездесуі Хан ордасындағы спорт кешені жағдайымен танысумен басталып, «Рауан» шаруа қожалығында жалғасты. Қожалық иесі Рауан Мұхамбетчин шаруашылығымен таныстырып өтті.
Мал шаруашылығына қатысты мәселелермен қаныққан Нариман Төреғалиев заман талабына сай қожалық иелері кооперативке бірігіп, жұмыстану қажеттілігін айтты.
- Қазіргі таңда біздің өңірдің ірі қарасын оңтүстікке тасымалдануда. Ол жақта мал өндірісі мықты дамыған. Сол деңгейге бізде жетуіміз қажет. Жақында Италия еліне барып, ет өндірісімен айналысатын компанияның жұмысымен таныстым. Ол жерде де кооператив құрылған. Мысалы, негізгі компания тек етпен айналысса, қосалқы компаниялары тері өңдеу, қалдықтан минералдық тыңайтқыш дайындайды екен. Ал тағы бір компания мал сүйектерінен арнайы ұнтақ өндіреді. Бір сөзбен айтқанда қалдықсыз өндіріс десек болады. Әрине, аталмыш көрсеткішке күні бүгін жетеміз деп айту қиын. Дегенмен, заман талабы бірігіп жұмыстануды қажет етеді. Қазіргі таңда жергілікті қожалықтар бірігіп, ет өңдеу комбинатын ашсаңыз болады. Уақыт өте келе, тері өңдейтін зауытты да қолға алуға болады. Сол кезде қазіргідей өсірген малыңды келісіне 2000 теңгеге сатқаныңа риза болмай, одан да көп табысқа қол жеткізуге болады, – деді.
Бұдан соң облыс басшысы төрт бірдей округтің медициналық нысан басшыларына көлік кілтін табыстады.
Сапар аясында өңір басшысы Хан ордасы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті.
Әдеттегідей кездесу аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың есебімен басталды.
Ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берген аудан басшысы келесі жылға деген жоспармен бөлісті.
Аудан тұрғындары есеп тыңдап қана қоймай, өз сауалдарымен облыс басшысына жүгінуге мүмкіндік алды.
Аудан азаматтары ауыз су мәселесін, Хан орда мен Мұратсай ауылдарының кіреберіс жолдары және Шоңай-Сайқын тас жолын салу мәселесін көтерді.
Аталмыш сұрақтарға өңір басшысы:
– Хан ордасының кіреберіс тас жолы келісі жылға жоспарланса, Мұратсай ауылының мәселесі 2025 жылы шешілмек. Ал Шоңай- Сайқын аралығындағы жол 2026 жылдың жоспарына енгізілді, - деп жауап берді.
Сонымен қатар жиын барысында киік, электр жүйесі мәселелері талқыланды.
Аудан тұрғындары көкейтесті мәселелер мен сан сауалына толыққанды жауап алды.
Еркебұлан Рахметолла,
Суреттерді түсірген Қуанышбек Ғиниятов
Бөкей ордасы ауданы