Бұл туралы аудан әкімі Абат Шыныбеков Алма Оразбаева атындағы орта мектебінде өткен қоғамдық ұйым өкілдері, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, мектеп ұстаздары және ата-аналармен кездесуде айтты.
Бұл жерде бүгінгі таңда апатты деп танылған Алма Оразбаева атындағы білім ордасын алмастыратын жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданып, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқандығы жөнінде айта кеткен жөн.
Абат Абайұлының айтуынша, 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аудан орталығы Қазталовта келесі жылы басталады.
-Бұрынғы 900 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттарына өзгерістер енгізіп жатырмыз. Себебі алдағы бес жылда мектепке келетін бала саны туралы болжам жасаған көрсеткіштермен бұл жобаны қорғай алмайтынымызға көзіміз жетті. Сондықтан 600 орындық мектептің құрылысына тоқтадық. Бұл мектептің жобалық-сметалық құжаттары келесі жылдың ақпан айында даяр болып, республика бюджетіне ұсынылмақ. Елбасымыз биылғы Жолдауында апатты мектептердің орынына жаңадан мектеп салуға үкіметке қосымша 50 млрд. теңге бөлу туралы тапсырма берген болатын. Аудан орталығындағы салынатын жаңа мектеп те осы жобалардың қатарында. Біз үлгі ретінде Орал қаласы жанындағы Делкөл ауылындағы 600 орындық меткептің жобасын алдық. Сонымен қатар сол мектепке арнайы барып, көріп келдік. Жаңа мектеп салынса, Алма Оразбаева мектебіндегі біраз мәселелер шешімін табатын болады,- деді аудан әкімі.
Сондай-ақ кездесуде Абат Шыныбеков аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жобаларға да тоқталды.
Тұрғындар осындай жағымды хабарды жеткізген аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді.
Қайрат ЖАҚЫП
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz