Жақында «темір жәшіктен» әлем жаңалықтарын қарап отырып, Азия елдерінде бубон обасының таралуы туралы хабарды көргенім бар. Бұл індет Қытай, Моңғолия елдерінде тіркеліп, Ресейге де жеткен. Ресми деректерге сүйенсек, бубон обасынан әлемде 100 млн. адам о дүниеге аттанып кеткен. Бұл дертті сол кездің білгірлері «қара өлім» деп атаған. Енді Ресейге келген індеттің елімізге де жету қауіпі бар. Обаны кеміргіштер мен бүрге таратады.
Ал енді тақырыпқа қарай ойысайық. Бар тірлігіміз малмен байланысты болғасын төрт түлік арасында қандайда болмасын ауру тараса, жанымыз қалмайды. «Малым – жанымның садағасы» деген қазақ малы ауырса жанын беретіні рас. «Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген де тәпсір бар. Бүгінде бруцеллез, нодулярлық дерматит, құтыру, кене шағу, қарасан сияқты мал ауруларының түрлері төрт түліктің бойынан көрініс тауып қалады. Десек те, ветеринария саласының мамандары дер кезінде әр індеттің ошағын анықтап, уақытында емдеу шараларын жүргізіп-ақ жатыр. Соның арқасында әзірге Казталов ауданы бойынша созылмалы және эпидемия туғызатындай індеттердің тіркелмегені белгілі. Бізді алаңдатып отырғаны – жоғары айтылған індеттер таралған жағдайда елді мекендерде мал молалары әзір ме? Қазіргі күнде мал молаларының жағдайы қалай? Осы бағытта қандай жұмыс жасалып жатыр? Сұрақ көп. Ал жауап ше?
Ветеринария саласы мамандарының берген жауабын жазбас бұрын Кеңес заманында орын алған мына бір оқиғаны баяндап көрейін. Казталов ауданының қазіргі Бірік ауылдық округіне қарасты Саралжында ертеректе бір атан түйе өлген. Екінші күні облыс орталығынан мал дәрігерлік мекеменің мамандары тікұшақпен ұшып келіп, жан-жақты тексерген. Кейін өртетіп, көмдіреді. Әрине, Орал қаласынан келген мамандар түйенің басына дұға етуге емес, одан тарайтын оба сияқты қауіпті аурулардың алдын алу үшін келгені рас.
Ендігі кезекте аудандық ветеринариялық станциясы ал моласы туралы берген ақпаратқа үңілейік. 2018-2023 жылдары ауылдық округтерде мал көмінділерін салу туралы аудан әкімі арнайы жоспар бекіткен. Жоспарға сәйкес 2018 жылы Қарасу, Ақпәтер, 2019 жылы Қараөзен, Тереңкөл ауылдық округтерінде мал молаларының құрылыстары аяқталыпты. Бұл үшін жергілікті бюджеттен әр округқа 800 мың теңгеден қаражат қарастырылған. Биылғы жоспарға сәйкес Көктерек, Қараоба және Талдыапан ауылдық округтерінде мал молалары ыңғайланған жоба түрінде салынуы қажет еді. Алайда, бұл округтерден арнайы жер телімін бөлу жөнінде құжаттар әлі рәсімделмеген. Құрылысы аяқталған мал көмінділері жергілікті әкімшілік арқылы Казталов аудандық ветеринариялық станциясы мекемесінің теңгеріміне берілуі тиіс. Оған себеп, ауылдық округтердің тарапынан қажетті құжаттардың (жер актісінің) толық болмауына байланысты аталған нысандардың барлығы осы кезге дейін кәсіпорынның меншігіне ауыспай отыр. Мәселе осы жерден туындайды. Жоспарда тұрған округтерде мал моласын салу үшін біріншіден жер актісін алу қажет. Ветеринариялық станция мамандарының айтуынша, ауылдық округ әкімдері мал моласының құжаттарын реттеуге құлықсыз. Қанша рет округ әкімдіктеріне хат жазылғанымен олардың тарапынан қозғалыс болмаған. Алысқа бармай-ақ Казталов ауылдық округіндегі мал моласының құжаттарын реттеп, жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын тілге тиек етуге болады. Құдай сақтасын, мал арасында қандайда болмасын індет тарайтын болса қайтпекпіз? Көтерген тақырыбымызға қатысты тағы бір ойланатын жағдай – түз тағысы мен дала жыртқыштарының мал моласындағы өлекселерді тасып кетуі.
Жуырда ауданымыздағы қоғам белсенділері әлеуметтік желіде аудан орталығына жақын орналасқан мал моласынан жағымсыз иіс шығатыны туралы жазба қалдырған болатын. Бұл жазбамен толық келісуге болады. Осы мәселе туралы мамандарға тағы бір мәрте сауал жолдадық.
Олар: - Мал моласын күтіп-ұстау, оларға ағымдағы жөндеуге мүмкіндік шектеулі болғанымен, ауылдық округтерде бұрын және жаңадан салынған өлексе орындарының айналасына аудандық ветеринариялық станция жұмысшылары үнемі тазарту жұмыстарын жүргізіп тұрады, - деген жауап берді.
Мамандардың жауабына көңіліміз толмаса да мал моласының басына баруға жүрегіміз дауаламады. Суреттерді әлеуметтік желіден жүктеп алдық. Міне, бір ғана мал моласы айналасындағы жағдай осындай болып тұр. Тап күрделі, күрмеуі шешілмей жатқан мәселе жоқ сияқты. Тек құжаттарды реттеу керек. «Сақтансаң, сақтармын!» дегендей, қандай ма болмасын дерттің алдын алу үшін сақтанғанымыз жөн.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz