19.05.2020, 9:08
Оқылды: 58

Кеміргіштен келер кесел бар

«Кеміргіштер»  деген ортақ атауға біріктірілген мақұлықтар жер бетінің тек мәңгілік мұз басқан жерлерінен басқа аумақтың бәрінде тіршілік етеді. Дүние жүзінде кеміргіштердің 32 тұқымдасқа жататын 2500 түрі бар көрінеді. Елімізде соның 15 тұқымдасының 82 түрі кездеседі дейді ғаламтор мәліметінде.

1319CE88-8132-43E6-A066-22D18457695A

Батыс Қазақстанда, соның ішінде Теректі ауданында осы кеміргіштердің көптеген түрін кездестіруге болады.

Далалық жерді мекендейтін  тоқалтістер, құмтышқандар, аламан, атжалман, саршұнақтар, балпақ, зорман, үй маңынан табылатын кәдімгі қаптесерлер мен егеуқұйрық көрер көзге зиянсыз көрінгенмен, келтірер кеселі бар.

Шаруашылық, әсіресе тоқалтістер мен қаптесерлерден зиян тартуда дейді мамандар.

Онша қоныс таңдамайтын тоқалтістер тіршілікке қолайлы жердің барлығында қоныстанған. Інде тіршілік етеді. Қыс айларында шөмелелердің, қардың астын ұя жасап, сонда мекендей береді. Негізгі қорегі – жасыл өсімдіктер. Қысқа азық қорын жинайды. Қыстың күні шөп маялары мен қардың астында да көбеюі мүмкін. Әр көбейген сайын 1-ден 10-ға дейін ұрпақ береді. Кеміргіш егін шаруашылығына едәуір зиянын тигізеді, жер бетіндегі және оның астындағы өсімдік бөліктерімен қоректенеді. Бір күннің ішінде кәдімгі тоқалтіс 4,6 г астық дәнін немесе 22,2 г көк-жасыл өсімдікті жейді. Кәдімгі тоқалтіс әртүрлі дала дақылдарына, көпжылдық шөптерге, әсіресе жас жеміс және орман көшеттердің қабығын кеміріп едәуір залал тигізеді.

Күзде қамбаға құйылған дәнге құмар кеміргіштердің зияны жайлы айтпасақ та белгілі. Дәнді құртқаны өз алдына, сол дән арқылы ауру да таратады.

Кеміргіштер сальмонеллез, оба, сарып, тулерямия, күйдіргі сияқты адамға аса қауіпті ауруларды таратушы.

1720 жылы Францияның теңіз қақпасы – Марсель портында без обасы 100 мың адамның өмірін жұтқан. Ауру Жерорта теңізі арқылы елге кірген корабльден таралған. Обаның көзі – кеміргіш.

Өткен ғасырларда оба қазақ жерін де жайлады.

1905-1906 жылдардағы, 1923-1924 жылдардағы обадан мыңдаған адам жер жастанды. Содан бері ғасырдан аса уақыт өтсе де, біздің өңір обаның табиғи ошағы болып отыр. Арнайы құрылған обаға қарсы бекеттер мен белсенді жүргізілген шаралар арқасында обаның аты қазір естілмейді.

Бұл кеміргіштерден келген кеселдің бірі ғана.

Теректі ауданы аумағында кеміргіштерден келген тағы бір қауіпті ауру -  бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасының ошағы бар екен.

Бұл ауру жөнінде Теректі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Лейла Ашикова:

- Батыс Қазақстан облысында Орал қаласы, Бөрлі, Бәйтерек, Шыңғырлау аудандары және Теректі ауданы аумағы бүйрек синдромды геморрагиялық қызба көзі табылған жерлер. Қазақстан бойынша осы аумақта жыл сайын  БСГҚ тіркеліп, ауру қоздырғышы анықталып  жүр.

Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба – табиғи-ошақтық вирустық ауру. Белгілері – қалтырау, улану, бүйректің зақымдалуы және қанауға бейім болуы. Қоздыру көзі – дала қаптесері, тоқалтіс тышқандар. Адамға ауа-тозаң, ауру кеміргіштердің нәжістерімен ластанған азық-түліктің сыртын жумай жегеннен немесе сондай бұйымдарды ұстап, қолын жумастан аузына салғаннан болады.

Ауру жазда және  күздің орта кезінде, ауру қоздырғыштары – тышқандар белсенді тіршілік ететін кезде жиі кездеседі. Бұл ауру адамнан адамға жұқпайды. БСГҚ жеңіл не орта түрімен ауырғандар жазылып кетеді. Ал аурудың ауыр түрінде асқынуға шалдыққандар өкпе ісінуі, жүрек жұмысының жеткіліксіздігі, бүйрек қабының зақымдануы не жарылуына ұшырауы мүмкін. Аса асқынған кезде бұл ауру өлімге де соқтыруы ықтимал,- деп кеміргіштен келер кесапат жайын айтты.

-Адам өміріне қауіпті ауру Теректі ауданының Ақсуат, Әйтиев ауылдарында, Жаңа талап, Қабылтөбе мекендерінде анықталған. Бұл ауылдарда «дератизация», яғни кеміргіштерді жою жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүргізілуі тиіс,- деп хабардар еткен Лейла Тілектесқызы: «Кеміргіштерді жоюмен қатар аула-аумақты тазалау жұмыстарын естен шығармаңыз. Үйінділерге тышқандар үйір келеді. Аула, қора-қопсыны таза ұстап, сырттан келген кезде беті-қолыңызды жуып кіру біраз жұқпалы аурулардың алдын алады. Жеміс-жидек, көкөністі де тазалап, жуып жеңіз»,- деген кеңес береді.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале